Жаңалықтар

"Орамалмен отыруға болмайды": "Жайдарманның" көрермені залда қысымға ұшырағанын айтты (ВИДЕО)

TikTok қолданушысы "Жайдарман" әзіл-сықақ кешінде өзінің құқығы тапталғанын айтты, - деп жазады ozgeris.info сайты. Айтуынша, ол өзінің хиджабына байланысты залда қысымға ұшыраған.
"Бүгін Жайдарман Ұлттық лигасын көруге бардым. Орным — төрешілердің артындағы 1-қатар. Алдын ала келіп, өз орнымда отырдым. Қасымда құрбымды күтіп отырғанмын. Бір оператор келіп: – Алдыңғы бос орынға өтсеңіз, — деді. Мен: – Жоқ, менің алған орным осы. Өз орнымда отырамын, — деп жауап бердім. Сәлден соң екінші оператор келді: – Қазір “Хабар” арнасына түсірілім басталады. Қызыл киіммен отыруға болмайды, — деді. Мен: – Қызыл орамалдың не қатысы бар? — деп сұрадым. – Қарындас, анау бос орынға барып отырсаңызшы, оператор айтып жатыр, — деді тағы. Мен тағы да: – Менің орным осы. Өз орнымнан тұрмаймын, — дедім. Кейін тағы бір оператор келіп: – Басталуға аз қалды, төрешілер келе жатыр. Өтініш, басқа орынға өтсеңіз. Мен: – Бұл орамал үшін бе? Ол: – Иә. Бірінші қатарда орамалмен отыруға болмайды. Бізге солай тапсырма берілді, — деді. Мен: – Онда басшыңызды шақырыңыз, — дедім. Жайдарман біткенше орнымда отырдым. Кейін жағдайдың анық-қанығын білу үшін түсірілімге жауапты адамды іздедім. Жанасыл Болатбек мырзадан сұрадым. Менің құқығым шектеліп жатыр, не себепті деп. Ол: – Бұл басшылықтың тапсырмасы. Барлық телеарна талаптары солай. Жазылатын заңдар бар . Жазылмайтын заңдар бар. Солай енді…, – деді @zhanasil", - деп жазды ол. 
Сондай-ақ бойжеткен Есен Елеукенді белгілеп, аталмыш жайттың қаншалықты заңды екенін сұраған.
"Құрметті Есен Елеукен мырза! @jaidarman_production @galym_makhambetov Осы жағдайға қандай пікір айтасыз? Орамал таққан қыздардың Жайдарман көруіне, 1-қатарда отыруына тыйым салынғаны — қандай заңмен реттеледі? Егер бұл шарт болса, неге билет сатуда ескертілмейді? “1-қатарда орамал таққан қыздарға орын берілмейді” деген тәртіп қайда жазылған?! Қазақстан телеарналарында орамалмен түсуге тыйым салынатыны, мұсылман әйелдердің жиі шеттетілетіні — ашық құқық бұзушылық", - деді ол. 
Барлық жаңалық