📰 Сарапшылар пікірі

Зейнетақы алмай қалуыңыз мүмкін...

Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер, фрилансерлер, онлайн саудагерлер мен маусымдық жұмысшылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бір жағынан бұл – кәсіпкерлік рухтың өсуі мен еңбек нарығындағы бейімділіктің айғағы. Алайда, екінші жағынан, бұл топ өкілдерінің басым бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жарна төлемейді. Салдарынан болашақта зейнетақысыз қалу қаупі бар, деп сараптайды Ozgeris.info.

Экономист Аман Әлімбаевтың айтуынша, бұл қазіргі қоғам үшін аса өзекті, бірақ әлі толық мән берілмей отырған мәселе.

«Бүгінде адамдардың бір бөлігі зейнетақы қорына мүлдем жарна төлемейді. Ал кейбіреулері ай сайын 3 500 теңге сияқты ең төменгі жарна төлейді. Олар бұл төлемді айыппұл алмау үшін ғана жасайды. Бірақ осы әрекеттің салдарын көп адам ойламайды. Егер адам ұзақ жыл бойы зейнетақы қорына жарна төлемесе, зейнетке шыққанда оның қолында ешқандай жинақ болмайды. Бұл қартайғанда кедейлікке душар болу деген сөз», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, зейнетақы жүйесінен тыс қалу – кейін өзіңе, балаларыңа, мемлекетке ауыртпалық жүктеу деген сөз. Мәселен, қазір көпшілігі тапқан табысын күнделікті қажетіне жұмсап, болашаққа жинақ жасауды кейінге ысырады. Алайда уақыт өте келе әлеуметтік осалдыққа алып келетін жол.

«Бізде бейресми жұмыс істейтіндер зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Бұл – бүгінгі таңда қауіпті үрдіске айналып отыр. Бейресми табыс тапқандардың көбісі өздеріне “зейнетке дейін әлі көп уақыт бар” деп сенеді. Бірақ зейнет жасы таяғанда олар ешқандай кепілсіз, жинақсыз қалады. Қазірден бастап болашаққа қам жасамаса, бұл үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұласуы мүмкін», дейді экономист.

Аман Әлімбаев Сингапур елінің мысалын келтіріп, тұрақты табысы бар азаматтар үшін бұл елдегі зейнетақы жүйесі – үлгі боларлық құрылым екенін атап өтті. Онда әрбір азамат жалақысының бір бөлігін міндетті түрде бірнеше бағыттағы қорға зейнетақы, медицина, білім беру және тұрғын үй автоматты түрде аударады.

«Сингапурлық жүйеде халықтың қаржылық сауаты өте жоғары. Олар жалақы алысымен-ақ жарналарын қорларға бөледі. Бұл – тәртіп пен сенімнің белгісі. Бірақ жүйе тек табысы тұрақты, ресми жұмыс істейтін адамдар үшін ғана жұмыс істейді. Жұмыссыз немесе бейресми жұмыста жүрген азаматтар бұл мүмкіндіктен қағылады. Бізде де дәл осындай жағдай. Көп адам зейнетақы жүйесінен тыс қалып жатыр», дейді ол.

Экономист болашаққа дайындықты бүгіннен бастау қажеттігін ескертеді. Оның пікірінше, қазіргі жастар өзіне-өзі жұмыс тауып, кәсіппен айналысып жүргенімен, көп жағдайда зейнетақы жүйесіне қатысуды ескермейді.

«Қазіргі зейнеткерлердің зейнетақысы еңбек өтіліне, аударылған жарнасына қарай белгіленеді. Ал жастардың көпшілігі жарна төлемесе, болашақта зейнетақысы мардымсыз болады. Сондықтан адамдар бүгіннен бастап болашағына жауапкершілікпен қарауы керек. Сингапурлықтар секілді біз де қартайған кезде мемлекетке емес, өз жинағымызға сенуді үйренуіміз керек», дейді сарапшы.

Айта кетейік, Қазақстандағы зейнетақы жүйесі жартылай жинақтаушы сипатта. Яғни бүгінгі күні жиналған жарналар қазіргі зейнеткерлерге төленеді. Ал бұл жүйе ертеңгі күні бәріне жетпеуі мүмкін.

«Мемлекет бүгінгі зейнеткерлерге төлем жасап отыр. Бірақ халықтың белсенді бөлігі зейнетақы жарнасын төлемесе, бұл жүйенің тұрақтылығына қауіп төнеді. Сол себепті, қаржылық сауатты арттыру, жинақ мәдениетін енгізу, бейресми жұмыс істейтіндерді зейнетақы жүйесіне тарту маңызды стратегиялық міндеттер қатарында болуы керек», деп түйіндеді Аман Әлімбаев.

 

Барлық жаңалық