💰 Экономика

Ұлттық банк декреттегі анадан 17 миллион теңге талап етіп жатыр

Ұлттық банк декреттегі анадан 17 миллион теңге талап етіп жатыр

Қазақстанда магистратураны мемлекет есебінен оқыған әйел декретке шыққаны үшін Ұлттық банкке 17 миллион теңге қарыз болып қалды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Бұл туралы KursivMedia хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.

Айтуынша, Ақмарал Төкен – жас маман, Ұлттық банк есебінен шетелде магистратура оқыған. Бәрі келісімшартпен болған. Оқу бітірген соң үш жыл бойы банк жүйесінде қызмет етуі тиіс. Ол бұл міндетті орындауға тырысқан, оқуын аяқтап, жұмысына кіріскен. Алайда 10 айдан кейін дүниеге сәби әкеліп, заңды түрде бала күтімі бойынша демалыс алған. Бірақ осыдан кейін қайта жұмысқа оралмаған.

Ұлттық банк өкілдері мұны келісімшартты бұзу деп бағалап, мемлекет жұмсаған қаражатты 17 миллион теңгені қайтаруды талап етіп отыр. Ақмарал бұл соманы қайдан алатынын білмейді.

«Мен келісімшартқа қол қойғанда, әрине, бәрін түсіндім. Бірақ өмір болған соң түрлі жағдайлар болады ғой. Мен жұмыс істеген 10 ай ішінде жақсы нәтиже көрсеттім. Бірақ сәбиім дүниеге келген соң қайта жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Әрі Ұлттық банк тарапынан да қолдау болған жоқ», дейді Ақмарал.

Көпшілік бұл жағдайды әлеуметтік әділетсіздік деп бағалауда. Себебі декретке шығу – әйелдің заңды құқығы. Ендеше, неге мемлекет дәл осы кезеңді “келісімшартты бұзу” деп қарап отыр?

«Бұл  нағыз заңдық соқырлық. Декрет еңбекке жарамсыздық емес, ол уақытша үзіліс. Мемлекет өзі туған ананы қолдауы керек. Ал мынау моральдық қысым мен қаржылық шектеудің айқын мысалы»,  дейді құқық қорғаушы Жанар Мұсабекова.

Алайда банк өкілдері де өз уәжін алға тартады. Олардың айтуынша, бұл – бюджеттік қаржы. Яғни, әр тиыны есеппен жұмсалуы керек.

«Біз азаматпен келісімшартқа отырғанда, нақты талаптар белгіленеді. Бұл талаптар  жай сөз емес, мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін заңды құжат. Егер адам шартты толық орындамаса, қаражатты қайтаруға міндетті»,  дейді банк өкілі.

Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Ақмаралдың адвокаты келісімшартта декретке шығу мәселесі нақты көрсетілмегенін және оның әрекеті заңға қайшы емес екенін дәлелдеуге тырысуда.

Барлық жаңалық