Атбасар қаласында орын алған қайғылы жайт жергілікті халықты дүр сілкіндірді. Sinegor.kz дерегінше, 4 тамыз күні таңғы сағат 04:47 шамасында перзентханада босану кезінде дәрігердің әрекетінен нәресте шетінегені туралы марқұм сәбидің әжесі мәлімдеген деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Әйелдің айтуынша, босануға көмектескен акушер-гинеколог келініне шынтағымен қысым жасаған.
«Осы әрекеттен кейін бала жатырда көз жұмды. Соған қарамастан, дәрігерлер босандыруды жалғастыра берген. Таңғы 05:15-те келінім өзі хабарласып, босану кезінде сәбидің жүрегі тоқтап қалғанын айтты. Ал мен түн бойы дәрігерден жаңалық күтіп отырдым, бірақ ешкім қоңырау шалмады, кешірім де сұралмады. Баланы сараптамаға Көкшетауға жіберді. Біз әділдікті талап етеміз. Неліктен олар дер кезінде шұғыл шара қолданбады? Мұндай немқұрайдылық үшін кім жауап береді?» – деді марқұмның әжесі.
Атбасар аудандық полиция бөлімі бұл деректің тіркелгенін растады. Іс материалдары Ақмола облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданған. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы да ішкі қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Қорытынды медициналық сараптама нәтижесі шыққан соң, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.