💰 Экономика

LRT бағасы шамамен 200 теңге болмақ

Астана тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек көптен талқыланып жүрген LRT жобасына қатысты жаңалықтармен бөлісті, деп жазады Ozgeris.info.

Оның айтуынша, жеңіл рельсті трамвайдың (LRT) тестілік іске қосылуы биыл қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Алғашқы кезеңде пойыздар 3 айдан 6 айға дейін сынақ режімінде жүрмек. Бұл уақытта мамандар пойыздардың қозғалыс кестесін, техникалық қауіпсіздігін және жолаушылар ағынын тексеретін болады. Егер сынақ сәтті өтсе, LRT-нің толыққанды іске қосылуы 2026 жылдың басында жүзеге аспақ.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, билет бағасы шамамен 200 теңге көлемінде болады деп жоспарланып отыр. Дегенмен, нақты тариф кейінірек жарияланады.

«Басты мақсат – бағасын халыққа қолжетімді ету. Бізге бұл көлікті пайдалануды қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі тиімді қылу маңызды», деді қала әкімі.

LRT іске қосылған жағдайда, астаналықтар үшін әуежайға және қаланың бірқатар аудандарына жылдам әрі кептеліссіз жетудің жаңа мүмкіндігі пайда болмақ.

Барлық жаңалық