Кейінгі күндері адамдардың телефонына «есепшотыңа ақша түсті» деген хабарламалар жиі келе бастады. Әдетте мұндай хабарлама келгенде адам бір сәтке қуанып та қалады, алаңдап та қалады. Бірақ Ұлттық банк мұндай жағдайдың артында алаяқтардың жаңа тәсілі тұрғанын айтып, елді сақ болуға шақырып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Ұлттық банк мамандары ең алдымен хабарлама арқылы таралатын айланы түсіндірді. Олардың айтуынша, алаяқтар азаматтарға жалған смс жіберіп, шотына ақша түсті деп көрсетеді. Артынша қоңырау шалып, өзін сол ақшаны қате жіберген адам ретінде таныстырады. Ұлттық банк бұл туралы:
«Кей азаматтардың телефонына ақша түсті деген жалған хабарлама келеді. Артынша біреу қоңырау шалып, қате аудардық деп, ақшаны кері жіберуді сұрайды. Мұндай хабарламалар шын емес, олар алаяқтар таратып отырған жалған ақпарат», деп нақты түсіндірді.
Сондықтан ең бірінші кеңес ақша қозғалысын тек ресми банк қосымшасынан тексеру. Олар тағы да:
«Бейтаныс нөмірден келетін смс хабарламаларға өте сақ болу керек және күмәнді сілтемелерге өтпеу қажет» деп ескертті.
Алаяқтардың екінші тәсілі тіпті қауіпті. Бұл жолы олар шотқа ақша шынымен жібереді. Артынша бірден хабарласып, қате жібердік деп тағы өтініш айтады. Осы жерде әңгіме жұмсақ басталып, артынша қысымға ауысады. Бірде «бұл ақша баланың еміне керек еді» деп мүсіркейді, енді бірде қорқытып сөйлейді. Ұлттық банк мұндай жағдайды былай деп түсіндіреді:
«Алаяқтар әңгіме кезінде психологиялық қысым жасайды. Кейде құқық қорғау органдарына шағымданамыз деп қорқытады немесе өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырып, азаматтың жеке деректерін сұрауға тырысады».
Дәл осындай сәтте адамдар қателікке жиі жол береді. Сол себепті Ұлттық банк бір нәрсені айқын айтты:
«Үшінші тұлғаның шотына ешқашан ақша жіберуге болмайды. Алдымен өз банкке хабарласып, жағдайды ресми түрде анықтап алған жөн».
Ұлттық банк өз қызметкерлеріне қатысты да нақты түсініктеме берді. Олар:
«Біздің қызметкерлер халыққа аудио немесе бейнеқоңырау шалмайды. Жеке адамдардың шоттарын қарамайды. Инвестиция ұсынбайды, ақша сақтандырумен айналыспайды және халықпен тікелей есеп айырыспайды» деп түсіндірді.
Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, ең дұрысы бірден полицияға хабарласу. Себебі әр адамның сақтығы басқа біреудің алданып қалмауына да себеп болады. Бүгінде алаяқтардың тәсілі көбейіп барады, ал Ұлттық банк айтып отырған сақтық шаралары көп адамның қаржысын қорғап қалатын жалғыз жол.