Жаңалықтар

Талғардағы қанды қылмыс: көршілерін өлтіріп, үйін өртеген күдікті іздестірілуде

Алматы облысының Талғар ауданында екі адамның өліміне қатысты күдікті ретінде 38 жастағы Иван Занилов іздестірілуде. Оқиға 5 тамыз күні Панфилов ауылында тіркелді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты  POLITICO.KZ сайтына сілтеме жасап.

 

Сағат 11:00 шамасында Талғар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы «101» қызметінен хабар келіп түскен. Өрт сөндірілгеннен кейін үй ішінен екі адамның денесі табылды. Алғашқыда олардың өлімі өрт салдарынан болды деп ойланғанымен, тергеу барысында басқа жайттар анықталды.

 

Сараптама нәтижесінде марқұмдардың отқа дейін қаза тапқаны белгілі болды. Ер адамның денесінде көптеген пышақ жарақаттары болғаны анықталса, әйел адамның мойнынан қылқындыру белгілері мен жіп табылған. Бұл жағдай оқиғаның әдейі жасалғанын айғақтайды. Өрт қылмыстың ізін жасыру үшін қойылған болуы мүмкін.

 

Полицияның мәліметінше, басты күдікті - сол көшеде тұратын Иван Занилов. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған. Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта аудан бойынша барлық жеке құрамды оның ізіне түсуге жұмылдырды.

 

Тәртіп сақшылары Заниловтың ұстауға қарсылық көрсетуі мүмкін екенін ескертті және тұрғындардан сақтық танытып, бейтаныс адамдар туралы дереу хабар беруді сұрады.

Барлық жаңалық