Алматы облысының Талғар қаласында ауыр қылмыс тіркелді. Белгілі болғандай, ер адам оққа ұшып, жас қыз бала күштеп әкетілген. Бұл дерекке байланысты полиция кісі өлтіру және бала ұрлау бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тергеу мәліметінше, күдікті мен жәбірленуші (қыздың анасы) бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Арадағы жанжал кезінде ол әйелдің ағасына мылтықтан оқ атып, ер адам оқиға орнында көз жұмған. Қылмыс жасаған соң күдікті кішкентай қызды алып қашып кеткен. Қазіргі таңда оның кім екені анықталып, іздестіру шаралары жүріп жатыр.
Оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігі шұғыл арнайы операция ұйымдастырды. Полиция арнайы жасағы баланы аман-есен босатып алды. Қыздың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, ол анасына табысталды.
Ведомствоның хабарлауынша, қашып кеткен күдіктіні ұстау жұмыстары жалғасуда. Министр оқиғаны жеке бақылауына алған.