Жаңалықтар

Степногорскте қала әкімдігі қымбат көліктің қайда екенін білмейді

Президенттің үнемдеуге шақыруына қарамастан, кейбір өңірлерде қымбат көлік пен күмәнді шығындардан бас тартпай отырғаны байқалады. Соның айқын мысалы – Степногорск қаласы, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

2023 жылдың күзінде қала әкімдігі «ПрофТехГрупп» компаниясынан әрқайсысы 23,5 млн теңгеден екі Hyundai Santa Fe сатып алған. Алайда, олардың біреуі ғана әкімдіктің балансына тіркеліп, қазіргі әкімнің қарауында жүр. Екінші көліктің тағдыры түсініксіз: жеткізуші компанияның айтуынша, ол қалалық прокуратураға берілген. Бірақ техпаспорт пен кілт ЦОН-ға тапсырылмағандықтан, ресми тіркеу жүргізілмеген.

 

Әкімдіктің бухгалтері де мұны растады: «Машинаны бірден прокурорлар алып кетті», – дейді ол. Соның салдарынан айыппұлдар әлі күнге дейін жеткізуші компания атына келуде. Бұрынғы әкім Алпысбай Қайыржанов пен оның аппарат басшысы бұл істен ешқандай заңбұзушылық көрмейтінін айтса, қазіргі әкім Гайдар Қасенов «көліктің нақты қайда екенін білмеймін» деп жауап берді.

 

Мәселе мұнымен шектелмейді. Жеткізуші компанияның қарызына байланысты аталған көлікке арест қойылған. Енді дау сот арқылы шешілмек.

 

Белсенділердің айтуынша, дәл сол кезеңде әкімдік қалалық прокурор Қанат Мадыбаевтың пәтеріне «ағымдағы жөндеу» деген желеумен 13,6 млн теңге жұмсаған. Қоғам өкілдері мұны Қайыржанов пен Мадыбаев арасындағы ескі байланыспен байланыстырады.

 

Бұл – Қайыржанов басқарған тұста тіркелген үшінші күмәнді жағдай. Дегенмен прокуратура тарапынан бұл деректерге жеткілікті назар аударылмай отырғаны айтылуда.

Барлық жаңалық