Сот жүйесіне қатысты қоғамда қалыптасқан сын тек сарапшылар тарапынан ғана емес, қарапайым азаматтардың күнделікті өміріне де тікелей әсер ететін мәселе. Сотқа жүгіну көп жағдайда қолжетімсіз, үкімдер әділетті болмауы, шешімдердің жабық қабылдануы сынды сұрақтар халықтың әділдікке деген сенімін әлсіреткені қашан. Алайда бүгінгі реформалар қоғамның сынына жауап ретінде бағалауға болады. Атап айтқанда, кассациялық соттардың құрылуы, Конституциялық соттың дербестенуі, сот процестерінің ашық түрде онлайн көрсетіліп, халықтың сот барысын тікелей бақылауына мүмкіндік берілуі сынды өзгерістер қоғамның құқықтық мәдениетін көтеріп келеді. Десе де аталған реформалар шын мәнінде қоғам өмірін қалай өзгертіп жатыр? Сот төрелігі енді әділ әрі қолжетімді бола алды ма? Әлде бұл тек сырттай жасалған формалды өзгерістер ме? Ozgeris.info тілшісі елдегі даулы оқиғаларды негізге алып тақырыпты зерттеп көрді.
Сот жүйесіндегі басты проблемалар
Елімізде сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүріп жатыр. Бұл өзгерістерді Президент тоғызыншы судьялар съезінде жария еткен. Негізгі мақсат азаматтардың сот әділдігіне қолжетімділігін арттыру және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейту.
Мемлекет басшысы сот жүйесінде шешімін таппай келе жатқан басты мәселелерге назар аударды. Ең бастысы -кадр тапшылығы. Егер ірі қалалар мен орталық органдарда судья лауазымына бірнеше үміткер болса, шалғай аудандарда кейбір бос орындар жылдар бойы жабылмай келеді. Мемлекет басшысы жүктемесі аз соттарды біріктіруді ұсынды. Бұл шешім аудандық соттардағы кадр мәселесін оңтайландырып, соттардағы жұмыс жүктемесін теңестіруге мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, биыл шілдеден бастап Қазақстанда үш кассациялық сот, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша өз жұмысын бастайды. Бұл жаңашылдық Жоғарғы соттың жүктемесін азайтып, істі қарау мерзімдерін қысқартуға көмектеспек. Президент бұл соттарда ең тәжірибелі, жоғары білікті судьялар жұмыс істеуі тиіс екенін тапсырды.
Судьялардың жаңа этикалық кодексі
Сот жүйесінде судьялардың этикасына да ерекше назар аударылмақ. Енді жаңа этикалық кодекс енгізіледі. Бұл құжат судьяның күнделікті қызметін және қоғамдағы мінез-құлқын толық реттейді. Судья кез келген уақытта, яғни жұмыс орнында да, одан тыс уақытта да өзінің мәртебесіне сай болуы тиіс. Сонымен қатар, судьяларға қысым көрсетілген жағдайда олар өздерін заңды түрде қорғай алатын тетіктер қарастырылған.
Цифрландыру және ашықтық
Сот жүйесін цифрландыру соңғы он жылда айтарлықтай жетістікке жетті. Бүгінде сот отырыстарының онлайн көрсетілімі кеңінен енгізіліп, жасанды интеллект технологияларын пайдалану жоспарланып отыр. Бұл ретте халықтың да сот жүйесіне деген қызығушылығы артып келеді. Азаматтар сот отырыстарын әлеуметтік желілерден бақылап, пікір білдіруде. Көпшілік сот процестерінің ашық болғанына риза, себебі ел үшін қажет қадам деп санайды.
Қазақстандықтар сот процестерінің ашықтығына оң баға беріп отыр. Көпшілік онлайн көрсетілімдер мен сот процестерінің ашықтығы сот әділдігін арттыруға ықпал етеді деп санайды.
“Сот ашық әрі әділ өтіп жатқаны қуантады. Онлайн трансляциялар бұл халық пен мемлекетті жақындастыратын жақсы қадам,” - дейді азаматтардың бірі.
Басқа тұрғындар да сот жүйесінің одан әрі ашық болуын қалайды. Олар бұл ең алдымен халық үшін, сосын судьялардың өздері үшін пайдалы деп есептейді. Ашықтық қоғамдағы сенім мен әділдікке апаратын негізгі жолдардың бірі. Сонымен қатар, қазақстандықтар заң жобаларының талқылау барысын қадағалап, Мәжіліс пен Сенаттың отырыстарында қаралып жатқан бастамаларға белсенді араласуда. Халық заң жобаларына ұсыныстар мен түзетулер енгізуге атсалысып отыр.
Елде резонанс тудырған қылмыстық іс осы ашықтықтың және халықтың белсенділігінің көрінісі болып есте қалды. Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев 2023 жылғы қарашада Астанадағы мейрамхананың бірінде азаматтық некедегі жүбайы Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған. Алқабилер мен сот оны азаптау жіне кісі өлтіру бабы бойынша кінәлі деп тауып, 24 жылға бас бостандығынан айырды. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға 2040 жылға дейін тыйым салынды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, сот процесі Youtube және әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілді. Мыңдаған адам петицияға қол қойып, қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы қатаңдатуды талап етті. Нәтижесінде "Салтанат заңы" деп аталған жаңа заң қабылданды. Аталмыш кейс елімізде шенеуніктер де қарапайым азаматтармен тең жауап береді деген тарихи мысал ретінде есте қалды.
Кассациялық соттардың рөлі және оң өзгерістер
Құқық қорғаушылар мен заңгерлердің айтуынша, жаңа кассациялық соттардың құрылуы азаматтардың сот әділдігіне қолжетімділігін едәуір арттырмақ. Бұрын кассацияға жүгіну тек материалдық мүмкіндігі бар адамдарға қолжетімді болған. Енді бұл рәсім жеңілдетіліп, әр азаматтың өз құқығын қорғауға мүмкіндігін кеңейтпек.
Мысалы, заңгер Серік Беркімбаевтың пікірінше, әкімшілік істер бойынша жаңадан құрылған соттар азаматтардың мүддесін қорғауда анағұрлым ашық әрі белсенді жұмыс істей бастаған.
«Бұл соттар талапкерлерге өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, кей жағдайда судьялар өз бастамасымен азаматтарға талап арыздарын нақтылауға және дұрыс жол сілтеуге көмектеседі», - дейді маман.
Сот реформаларының мақсаты
Сот реформаларының негізгі мақсаты сот процестерін жеделдету және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау. Жоғарғы сот судьясы, судьялар одағының төрағасы Досжан Әмірдің айтуынша, Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда сот жүйесі үздіксіз реформаланып келеді.
«Бұған күн сайын қабылданып жатқан жаңа заңдар себеп болып отыр. 2016 жылы сот жүйесі бес сатылыдан үш сатылыға ауыстырылды. Бұл шешім сот істерін тезірек қарауды мақсат етті. Бұрын бір сот ісі жоғарғы сатыға жеткенше бір жылдан артық уақыт кететін», - дейді сарапшы.
Қазіргі үш сатылы жүйеде әртүрлі тәсілдер қолданылады. Қылмыстық істер алдын ала үш судьядан тұратын алқада қаралады. Азаматтық істерді бір судья жеке қарауға құқылы. Әкімшілік істер кассацияда тікелей үш судьядан тұратын алқада қаралады. Экстерриториялық қарау қағидаты енгізіледі. Бұл жемқорлықтың алдын алуға көмектеседі. Мысалы, тараптар сот ісін басқа өңірде қарауға келісе алады.
«Бүгінгі күні әртүрлі сот алқалары - қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді әртүрлі тәртіпте қарайды. Жаңа жүйе осы тәжірибені біріздендіруді көздейді. Біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мақсатында Жоғарғы соттың рөлі күшейтілмек», - дейді сарапшы.
Жоғарғы сот судьясы Досжан Әмір халықтың сот жүйесіне деген сенімі күрделі әрі маңызды мәселе екенін жасырмады. Азаматтар арасында әлі де сот шешімдеріне көңілі толмайтындар бар. Көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстанда жылына қаралатын миллиондаған істің тек 10 пайызы ғана жоғары сот сатыларында қайта қаралады. Оның ішінде тек 1,5-2 пайызы ғана сот шешімімен өзгертіледі немесе жойылады.
Мысалы қоғамда орын алған тағы бір резонансты оқиғаға тоқталайық. Букмекерлік компания Олимп бойынша іс шеңберінде ауыр науқас, бауыр циррозымен ауырған Жәнібек Жауиров 2024 жылдың жазында тергеу изоляторында қаза тапты. Бұған дейін сот оны денсаулық жағдайына қатысты мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан болатын. Кейін соттың шешімі заңсыз деп танылды. Сот процесінде дәрігерлердің қорытындысы бұрмаланған және сотталушының жағдайы қасақана ескерілмегені анықталды. Жауировтың өлімінен кейін құқық қорғаушылар мен қоғам өкілдері бұл істі "азаптау" және "жария әділетсіздік" деп бағалап, түрме медицинасы мен сот жүйесінің осалдығын сынға алды.
Жаңа кезең: Конституциялық және кассациялық соттардың құрылуы
Енді Конституциялық сот Жоғарғы соттан толықтай бөлек жұмыс істейді. Оның өз судьялары, өз процедуралары және өз өкілеттіктері бар. Жаңа модель арқылы азаматтар Конституциялық сотқа өз облысында тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болады. Бұл бұрынғы “жабық есікті” жүйеден түбегейлі бас тарту болып саналады.
Конституциялық сот елдегі сот тәжірибесін біріздендіруге ықпал етпек. Бұрын, тіпті бір ғимаратта отырған екі судья бір-біріне қарама-қайшы шешімдер шығарып, заңдарды әртүрлі түсіндіретін жағдайлар жиі болатын. Енді мұндай қайшылықтарды болдырмау Конституциялық соттың басты міндеті болмақ.
Жоғарғы Соттың рөлі де өзгермек. Енді ол бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға бағытталады. Әкімшілік істердің 50%-дан астамы азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына шешілген. Апелляциялық соттарда істерді қарау мерзімдері де қысқарды. Қазіргі уақытта азаматтар өз құқықтары мен міндеттерін жақсырақ түсінеді, соның нәтижесінде келіп түсетін істер саны өсіп, негізсіз талаптар азайып келеді.
Кассациялық соттар: тиімділікке бастар жол ма?
Президент 2023 жылғы қыркүйекте кәсіпкерлермен кездесуде елімізде үш дербес кассациялық сот құру туралы бастама көтерді. Бұл соттар Астана қаласында азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарайды. Алайда кей сарапшылар бұл жаңашылдықтың шынайы тиімділігіне күмәнмен қарайды. Бұрын Қазақстанда кассациялық соттар болған, бірақ олардың жұмысы қоғам күткен нәтижеге жеткізбеген. Енді қайта құрылатын бұл соттар шынымен әділдік орната ала ма? Бұл әлі ашық сұрақ.
Сарапшылардың айтуынша, егер кассациялық соттар қайтадан істерді қарауға үлгермей, “соңғы инстанция” ретінде жұмыс істейтін болса, олардың құрылуы тек формальдылық болып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, олардың шынайы дербестігі де маңызды. Соттар Жоғарғы соттан тек процессуалдық қана емес, территориялық тұрғыдан да тәуелсіз болуы керек. Бұл судьялардың өзара сөз байласу мүмкіндігін барынша азайтады.
Сот жүйесіндегі жүйелі дағдарыс
Қазақстандағы сот жүйесінің дағдарыста екенін Президент Тоқаев та, сот жүйесінің жетекшілері де мойындады. Соттардың жабықтығы, кейбір судьялардың тәуелділігі және сот шешімдерінің әділетсіздігі қоғамның негізгі сынына айналып отыр. Кей құқық қорғаушылар сот жүйесіндегі түйткілдерді шешу үшін түбегейлі реформалар қажет деп санайды. Мәселен, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша сот процестерін тек кәсіби судьяларға емес, алқабилер сотына кеңінен беру ұсынылуда. Бұл сот әділдігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, сот жүйесінің түпкілікті өзгеруі үшін ең алдымен судьялардың нақты тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажет. Тек сол кезде сот билігі шын мәнінде мемлекеттің дербес тармағына айнала алады.
Бұл ретте ҰҚК экс-төрағасы Мәсімовтың және азаматтық белсенділер Жыланбаев және Ільяшев істеріне тоқталып өтейік. 2022 жылдың қаңтарында Қарым Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен шеттетіліп, қамауға алынды. 2023 жылдың сәуірінде оған мемлекеттік опасыздық, билікті күшпен басып алмақ болды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар тағылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды, барлық мүлкі тәркіленді және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды. 2023 жылдың қарашасында оған қатысты жаңа іс қозғалды: ақша жылыстату және 2 миллион доллар пара алу айыбы. Оның үйлерінен 17 миллион доллар қолма-қол ақша табылған.
Марат Жыланбаев, азаматтық белсенді, 2023 жылғы мамырда экстремизм бойынша айыпталып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Amnesty International оны «ар-ұждан тұтқыны» деп таныды. Алнұр Ільяшев, құқық қорғаушы, 2020 жылы Facebook желісінде Nur Otan партиясын сынаған жазбалары үшін ұсталып, 5 жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Процесте оның сөз бостандығы мен қорғану құқығы бұзылғаны айтылды.
Жоғарыда аталған істер сот жүйесінің әлі де екіұшты сипатта екенін көрсетеді. Бір жағынан, бұрынғы шенеуніктер мен ықпалды тұлғаларға ауыр үкім шығару реформаның белгісі болса, екінші жағынан, «Олимп» ісі мен азаматтық белсенділерге қатысты қысымдар сот жүйесінде заңсыздықтар мен саяси ықпалдың әлі де бар екенін еске салады.
Бұл саяси реформа мен азаматтық қоғамның дамуымен тікелей байланысты мәселе. Батыс елдеріндегі сәтті сот модельдерін көшіру жеткіліксіз дейді мамандар. Қазақстанға өзінің шынайы, өміршең жүйесін қалыптастыру керек. Алайда Red Kazakh арнасы Батыс елдерінің ықпалы Қазақстан үшін қауіпті деп санайды.
Сот жүйесіне сыртқы ықпал: Қазақстан қандай қауіпке тап болды?
Мемлекеттік билік үш тәуелсіз тармақтан тұрады: атқарушы, заң шығарушы және сот билігі. Бұл тармақтардың әрқайсысы бір-бірінен тәуелсіз болуы тиіс. Ең бастысы сыртқы күштердің ықпалынан алыс тұруы қажет. Алайда соңғы оқиғалар Қазақстанның сот жүйесінің болашағына алаңдауға мәжбүр етіп отыр.
Бүгінде Қазақстанда, әсіресе жер қойнауын пайдалану саласындағы кейбір заңдар тікелей Батыстың бақылауымен әзірленетіні жасырын емес. Бұл ашық айтылып жүрген факт. Red Kazakh арнасының мәліметінше, батыстық кеңесшілер біздің табиғи ресурстарымызды кімге, қалай, қандай схема бойынша сатуымыз керектігін өздері белгілеп отыр. Заңдар әдейі шетелдік инвесторлардың мүддесіне қарай жеңілдетіліп қабылдануда.
Еуропалық қаржы және Қазақстан Конституциялық соты
Енді бұл ықпал Қазақстанның сот жүйесіне де жеткен сыңайлы. Еуропалық Одақ Конституциялық соттың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанға екі миллион еуро көлемінде қаржы бөлетіні белгілі болды. Сонымен қатар, қазақстандық судьяларды Еуропаға тағылымдамадан өтуге жіберу жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысы еліміздің еуропалық ұйымдармен ынтымақтастығын тереңдетуге бейілді екенін ерекше атап өтті», – деп хабарлады Қазақстан Президентінің Әкімшілігі.
Бұл сөзді Президент Тоқаев Германия шенеуніктерімен кездесу барысында айтып, құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформалар бойынша оларға есеп берген. Бұл ретте орында сұрақ туындайды: Неге Қазақстан, яғни тәуелсіз мемлекет, өз реформалары туралы шетелдік өкілдерге есеп беруі керек? Қазақстанның өзінің заңдары, өзінің сот жүйесі бар. Мұндай ішкі істер басқа мемлекеттерді алаңдатпауы тиіс.
Украинадағы сценарий: қауіпті ұқсастық
Бұл жерде Украинадағы жағдаймен ұқсастық байқалады. 2014 жылғы оқиғалардан кейін Украина сот жүйесі АҚШ, Еуропа және Ұлыбританияның қатаң бақылауына өтті. Шетелдік мемлекеттер украин заңдарын өзгертуде тікелей қатысты, олар ондаған миллион еуро бөліп, мұны сыбайлас жемқорлықпен күрес деп атады. Мысалы, 2022 жылы Еуроодақ Украинадағы судьялар мен прокурорлардың жұмысына 10 миллион еуро бөлген болатын. Украин судьялары Ұлыбританияда біліктілігін арттыруға жіберілді. Ал USAID (АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі) Украина заңдарын әзірлеуге тікелей қатысқан. Мұның бәрі сырттай жемқорлықпен күрес деген желеумен жүргізілді.
Нәтижесі не болды? Бүгінде Украинада судьяларды іріктеу процесіне шетел азаматтары тікелей қатысады. Арнайы орган Судьялардың жоғары біліктілік комиссиясы құрылды. Бұл комиссия енді Украинадағы судьяларды тағайындайды. Комиссия мүшелерінің жартысы шетелдіктер, олардың дауысы шешуші рөл атқарады. Халықаралық валюта қоры Украинаға несие бөлу шарты ретінде міндетті түрде халықаралық сарапшылардың қатысуымен сот реформасын жүргізуді талап еткен. АҚШ Украинадағы жемқорлықпен күресті толық бақылауға алды. Бұл органдарға кадрларды тек АҚШ мақұлдауы арқылы қабылдаған. Осы құрылымдар іс жүзінде Украина үкіметінен тәуелсіз жұмыс істей бастады.
Нәтижесінде, уәде етілгеніне қарамастан, Украинадағы жемқорлық жойылған жоқ, керісінше, бұрынғыдан да күшейді. АҚШ Қорғаныс министрлігі Украина Еуропадағы ең жемқор елдердің бірі екенін ресми мойындады. АҚШ Конгресі Украинаны «АҚШ қаржысын жымқыру үшін пайдаланылатын ел» деп атады. Демек, бұл құрылымдардың басты мақсаты АҚШ пен Батыс компанияларының мүдделеріне ешкім қол сұқпауын қамтамасыз ету болған.
Сот жүйесінің тәуелсіздігіне қауіп
Бүгінде Украинадағы сот жүйесі тәуелсіздігін іс жүзінде жоғалтқан. Конституцияға қайшы заңдар қабылданып жатыр, алайда соттар бұл заңдарды тоқтата алмайды, өйткені олар шетелдің бақылауында. Судьяларды тағайындау процесіне шетел азаматтары тікелей қатысқан соң, олар өздерін тағайындаған шетелдік «қожайындарына» қарсы шыға алмайды.
Одан бөлек, Украинада сот жүйесі терең дағдарысты бастан өткеруде: судьялардың 40%-ы жетіспейді, судья мамандығының беделі төмендеді, ұлтшыл топтар тарапынан соттарға қысым жасалуда, сот шешімдеріне ел президенті әсер етеді. Украинада тәуелсіз сот деген ұғым қалмады. Мемлекеттік институттардың деградациясы Батыс реформаларының басты нәтижесі. Бұл шетелдік мүдделердің түпкі мақсаты: Украинаның сот жүйесін өздеріне толық бағындыру.
Қазақстан келесі нысана болуы мүмкін бе?
Қазақстан Конституциялық сотын Еуропалық Одақ қаржыландырып, судьяларды Еуропаға тағылымдамадан жіберіп жатқан жағдай ерекше алаңдатады. Егер Украинадағы сценарий қайталанса, Қазақстанда Конституцияға қайшы келетін заңдар жаппай қабылдануы әбден мүмкін. Бірақ Конституциялық сот мұндай заңдарды тоқтата алмайтын жағдайға түсуі мүмкін. Яғни, еліміздің сот жүйесі шетелдік орталықтарға тәуелді болып қалуы ықтимал.
Автордың пайымдауынша, мұндай жағдайда Қазақстанда шетелдік агенттер туралы заңның қабылдануы екіталай. Егер сот жүйеміз Украинадағыдай халге түссе, бұл Қазақстанның тәуелсіздігін толық жоғалтуға алып келеді.
Автор соңында еске салады:
«Қазіргі уақытта да Қазақстандағы жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдар Батыс компанияларының тікелей диктовкасымен жазылып отыр».