Шымкентте 1 жасар сәби еттартқышқа қолын қыстырып алып, ауыр жарақат алды. Оқиға 7 қыркүйекте болған. Үйінде ата-анасы қысқа азық-түлік дайындап жатқанда, бала байқамай еттартқышқа қолын тығып алған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сәби ес-түссіз күйде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер көп қан жоғалтқан науқасты бірден жансақтау бөліміне қабылдап, шұғыл операция жасады.
Травматолог Ержан Шәріповтың айтуынша, еттартқыш баланың төменгі білезігіне дейін жаншып, саусақтары мен алақан сүйектерін қатты зақымдаған.
«Қолды сақтап қалу мүмкін болмады, себебі ол тек терімен ғана ілініп тұрған», – деді ол.
Нәтижесінде дәрігерлер баланың оң қолын білегіне дейін ампутациялауға мәжбүр болды. Отаға Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары да көмек көрсеткен.
Қазіргі уақытта сәби жансақтау бөлімінен шығарылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалауда.