📰 Сарапшылар пікірі

«Шелекпен су тасыған халық»: Еліміздің ауылдары әлі суға жарымай отыр

Үкімет 2025 жылға дейін барлық ауылдарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге уәде берген. Ресми мәлімет бойынша бұл мақсатқа қол жеткізуге сәл ғана қалды. Алайда ауылдағы шындық басқа. Мыңдаған отбасы әлі күнге дейін шелекпен су тасуға мәжбүр. Қағаздағы пайыздар мен халықтың күнделікті өмірі арасындағы алшақтық жер мен көктей. Ең қарапайым инфрақұрылым елімізде әлі күнге дейін дұрыс жұмыс істемейді. Мемлекет қай жерде қателесті? Бұл үшін кім жауапты? Ozgeris.info тілшісі зерттеп көрді. 

Құрғақ уәделер мен ащы шындық

Билік 2025 жылға қарай халықтың барлығын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге уәде берген. Ресми мәліметтер бойынша, бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 100 пайызға жуықтады. Шын мәнінде не болып жатқаны айтпаса да белгілі. Кейбір ауылдарда адамдар әлі күнге дейін суды шелекпен тасып, суға жету үшін батпақтарды кешуге мәжбүр. 

Билік өкілдері 2024 жылы ауылдардың 97,8 пайызы сумен қамтылғанын айтады. Бірақ бұл сан тек бюджет қаржысының игерілуін көрсететін статистика, ал шынайы жағдай мүлде басқа. Қолжетімді су кейде ішуге жарамсыз, тазартылмаған болып шығады. Кейде үйлер мүлде суға қосылмағаны анықталады. Тіпті қалалардың өзінде судың сапасына қатысты шағымдар көп. Қарағанды, Астана, Алматы тұрғындары судың татты, лай, жағымсыз иісі бар екенін айтып отыр. Киім жуа алмай отырғандар да бар, ал жуыну туралы айтудың қажеті жоқ.

Басқарудың тиімсіздігі

“Adaldyq Alany” заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Болат Қасымов 2011 жылдан бері су саласында жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, ең басты мәселе басқаруда.

“Мәселе кешенді және ол жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде кездеседі”, - дейді ол.

Яғни, эжобаларды тиісті біліктілігі жоқ адамдар бастайды. Техникалық тапсырма жазған кезде қателіктер кетеді. Жобалаушылар жауапкершілікті жабдық жеткізушілеріне ысыра салады. Кулуарлық келісімдерде жемқорлық тәуекелдері пайда болады. Соңында мемлекеттік сараптамадан тиімсіз, кейде мүлде жалған жобалар өтіп кетеді.

2018 жылы Болат Қасымов пен оның әріптестері жұмыс тобының отырысында жалпы құны 30 миллиард теңгеден асатын ондаған жобаны кері қайтарған. Бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өткен, бірақ шын мәнінде су тапшылығы мәселесін шешпейтін, қағаз жүзіндегі жобалар болыпты.

Даладағы ескерткіштер: жұмыс істемейтін инфрақұрылым

Құрылыс компаниялары көбіне осы салада тәжірибесі жоқ мердігерлер болып шығады. “Бюджетті игеру” үшін олар арзан, сапасыз жабдық орнатып, жобалық шешімдерді өз бетінше өзгертеді. Соның салдарынан жұмыс істемейтін объектілер салынады.

“Мен Қазақстанның жартысын аралап шықтым. Көзіммен көрдім, миллиардтаған теңгеге салынған, бірақ жұмыс істемей тұрған су нысандары өте көп,” – дейді Болат Қасымов.

Мәселе қаражаттың жетіспеуінде емес. Қаржы бар. Негізгі проблема басқару сапасы мен тиімді бақылаудың жоқтығы. Сарапшылардың айтуынша, ауыл тұрғындары өз құқықтарын талап етпейінше және бақылауды өз қолына алмаса, ештеңе өзгермейді.

«Мемлекет қоғамдық бақылауға барлық құқықтық негіздерді жасап қойған. Атап айтқанда, экологиялық кодекс, Қоғамдық бақылау туралы заң, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бар. Сондықтан адамдар өз аулын, өз көшесін, өз үйін өз меншігі ретінде сезінуі керек. Әзірге мұндай жауапкершілік жоқ. Сондықтан проблемалар шешілмей отыр», - дейді маман.

PhD докторы Арман Өтепов бұл салада тұрақтылық пен экожүйенің рөлін ұмытып кеткенімізді айтады.

«Мысалы, Астананың маңындағы Ақкөл көлінің ластануы салдарынан ол енді су көзі бола алмайды. Мұндай жағдай басқа өңірлерде де көп», - дейді сарапшы.

Су бұл тек құбыр арқылы жеткізілетін ресурс емес, бұған көлдер, жерасты сулар, ормандар және ылғалды сақтайтын табиғи жүйелер кіреді. Жерді дұрыс жыртпау, үстіртін суларды ластау жер асты суының жоғалуына әкеледі.

Қазақстанда кешенді көзқарас жетіспейді. Су, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және экожүйе біртұтас жүйе ретінде қарастырылуы тиіс. Дамыған елдерде су ресурстарының сапасын Каспийдегі бекіре секілді сирек балық түрлерінің қалпына келуімен бағалайды. Қазақстанда мұндай байланыс жоқ.

Неге судан айырылып жатырмыз?

Қазақстанда судың көп бөлігі пайдаланылғаннан кейін қайта өңделмейді. Мамандардың айтуынша, тазартылған суды біз қазір де буланып кететін тоғандарға жібереміз, ал оны өзендерге қайтару тетігі жоқ. Сонымен қатар, біздегі қар суы мен тасқын суды үнемі қауіп ретінде қарастырады. Шын мәнінде, оларды дұрыс басқару арқылы су қоймаларын толтыруға, экожүйені қалпына келтіруге пайдалануға болар еді.

Сарапшылар суды дұрыс басқаруды табиғи жолмен шешуді ұсынады.

«Атап айтқанда, гидрологиялық желіні қалпына келтіру, жерді контурлы-жолақты ұйымдастыру, су ұстау жүйелерін салу, тоғандар мен бұлақтарды сақтау. Мысалы, Чувашияда 30 жылда осындай әдіспен 30 жаңа су қоймасы салынды, егін шығымдылығы артты, химиялық тыңайтқыштардан бас тартты», - дейді маман.

Қазақстанда әлі күнге дейін тасқындар қауіп деп есептеледі. Жердің қызуына уақыт жетпейді, су топыраққа сіңбейді, құнарлы қабат шайылып кетеді, эрозия күшейеді.

Тағы бір маңызды мәселе-өзен жайылымдарын (поймаларын) игеру. Заң бойынша бұл аумақтар бос болуы керек. Бірақ іс жүзінде бұл жерлерде үйлер, коттедждер, демалыс базалары салынып жатыр. Әр көктем сайын бұл нысандарды су басады. Мемлекет сол адамдарға өтемақы төлейді, сөйтіп табиғи тепе-теңдікке қарсы әрекет етеді.

«Мемлекет кейде қымбат су құбырларын халық саны аз ауылдарға тартады. Онда 10-15 үй ғана бар. Кейін сол тұрғындар тариф жоғары болғандықтан суға қосылудан бас тартады. Осылайша миллиардтар далаға кетіп жатыр», - дейді сарапшы.

Мемлекет пен бизнестің әріптестігі

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жүйесін дамыту - су дағдарысынан шығудың негізгі жолы. Шынайы бизнес келуі үшін ашық ережелер, әділ тендерлер, инвестицияны қорғау және жобаларды кәсіби сүйемелдеу қажет.

"Бірақ тағы бір түйткіл бар. Судың тарифтері тым төмен және судың шынайы құнын есепке алмайды. Халық тек суды тасымалдау қызметі үшін төлейді, ал судың экожүйелік құндылығы (денсаулық, ауыл шаруашылығы, климаттағы рөлі) мүлдем бағаланбайды», - дейді сарапшы. 

Бүгінгі таңда әлемдік экожүйелік қызметтер нарығының көлемі 125 триллион долларға жетті. Қазақстанда әзірге су стратегиялық ресурс ретінде бағаланбайды. Егер суға экожүйелік қызмет ретінде қарасақ, шетелдік инвесторлар да келе бастайды.

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды, жаңа Су кодексі қабылданды. Бірақ ведомствоаралық үйлестіру әлі де әлсіз.

«Экологиялық және Су кодекстері әзірленген кезде, судың экожүйелік мәселелері жиі назардан тыс қалған. Соның салдарынан су және экологиялық саясат бір-бірінен бөлек өмір сүріп келеді. Ал олар, шын мәнінде, бір-бірімен тығыз байланыста болуы тиіс», - дейді маман.

Елімізде бассейндік кеңестер жұмыс істемейді. Заңда бар болғанымен, іс жүзінде оларда өкілеттік те, бюджет те жоқ. Бассейндік кеңестер суды дұрыс басқарудың маңызды құралы. Бұл кеңестерде сол бассейн аумағындағы барлық су пайдаланушылар бірігіп шешім қабылдауы тиіс еді.

Қорытындылай келе, су мәселесі жай ғана құбыр тарту емес екенін айта аламыз. Ең алдымен бұл экожүйе, өмір сапасы, экономика және табиғатпен қарым-қатынас мәдениеті.

«Қазақстан бүгін қағаздағы есептерден шынайы нәтижеге өтуі тиіс. Су ол халықтың ажырамас құқығы. Ол тек статистикалық ойынның нысаны болмауы керек», - деп түйіндеді маман.

Барлық жаңалық