📰 Сарапшылар пікірі

Салықтан жалтарсаңыз не күтіп тұр? Мамандар ескертеді

Салықтан жалтару – жай қателік емес, нақты құқықтық салдары бар әрекет. Салықты уақтылы төлемеу азаматтар үшін де, кәсіпкерлер үшін де есепшоттың бұғатталуына, мүліктің тәркіленуіне және тіпті сот процесіне дейін апарып соғуы мүмкін. Салық саласының сарапшысы Айдар Масатбаев салық төлемеу жағдайында қандай шаралар қолданылатынын түсіндіріп берді, деп сараптайды Ozgeris.info.

Алдымен ескерту, кейін бұйрық

Егер азамат салық төлеу мерзімін өткізіп алса, салық органдары алдымен электронды ескерту жібереді. Бұл хабарлама салық төлеушінің электронды кабинетіне түседі. Егер азамат 30 жұмыс күні ішінде қарызын өтемесе, Мемлекеттік кірістер басқармасы салықтық бұйрық шығарады. Ол да электронды түрде жіберіледі.

– «Салықтық бұйрық» шыққаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде борышкерге жолдануы тиіс. Егер ол құжатқа да назар аударылмаса, іс жеке сот орындаушыларға жолданады. Олар шоттарды бұғаттауға, мүлікті тәркілеуге және тіпті сатуға дейін шара қабылдай алады. Не тәркіленбейді? Жеке тұлғаның белгілі бір мүлкіне ешқашан арест салынбайды. Бұған жалғыз баспана, күнделікті тұрмысқа қажетті жиһаз, киім-кешек, жалақы және зейнетақы сияқты жалғыз табыс көзі, мүгедектігі бар тұлғаларға тиесілі көлік жатады, Ал қалған активтер (екінші үй, депозит, бағалы мүлік, көлік және т.б.) тәркіленуі мүмкін, – дейді салықтық кеңесші Айдар Масатбаев.

Салық органдарының қателігі де болуы мүмкін

Айдар Масатбаевтың тәжірибесінде салық органдары процессуалдық тәртіпті бұзған жағдайлар да кездескен.

– Мысалы, бір азаматқа 2023 жылы ескерту жолданған, бірақ салықтық бұйрық тек екі жылдан кейін ғана шығарылған. Бұл – заң бұзушылық. Тағы бір мысалда салық бұйрығы мүлде жіберілмеген, бірақ есепшоттар бұғатталған. Мұндайда азамат салық бұйрығын жоққа шығартуға немесе шағымдануға құқылы, – дейді сарапшы.

ЖШС директорлары үшін қандай жауапкершілік бар?

Көптеген директорлар ЖШС қарызы үшін жеке жауап беруге міндеттіміз деп ойлайды. Алайда заңнама бойынша ЖШС-нің қарызы үшін директор емес, компания жауап береді.

– ЖШС басшысы – заңды түрде арнайы мәртебесі бар қызметкер. Егер компанияның қарызы болса, директордың жеке мүлкі тәркіленбейді. Бірақ ол жеке тұлға ретінде салық төлемесе, онда оған да жоғарыдағы тәртіппен шара қолданылады, – дейді Масатбаев.

Ал жеке кәсіпкерлер (ЖК) ше?

Жеке кәсіпкер (ЖК) – бұл толық жауапкершілікке ие тұлға. Сондықтан салық органдары оның банктік шотынан тікелей қаражат өндіріп алуы мүмкін.

– Іс жүзінде салық органдары кейде жеке шоттарды да бұғаттап жатады. Бұл даулы, бірақ жиі кездесетін жағдай. Көптеген кәсіпкерлер бұған шағымдануға уақыт бөлмейді. Егер кәсіпкердің есепшотында қаражат болмаса, салық органдары оның дебиторлық берешегін – яғни, басқа біреудің оған қарызын – өндіріп алуға құқылы.  Ол үшін борышкер мен дебитор арасында келісімшарт немесе акт болу керек. Мұндай жағдайда салық органдары қарызды тікелей өз пайдасына бұрып, тәркілей алады. Кейін мүлікке арест салынып, ол саудаға шығарылады, – дейді сарапшы.

Құжаттарыңызды алдын ала реттеңіз

Сарапшы азаматтар мен кәсіпкерлерге салық органдарынан келген кез келген ескертуді елемей қалмауға, электронды кабинеттерін тұрақты тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ барлық төлемдер мен хабарламаларды растайтын құжаттарды мұқият сақтау қажет.

– Егер күмәнді салық бұйрығы келсе, заңгерден кеңес алып, шағым түсіруге қымсынбаңыз. Кейде азаматтың құқығы бұзылып, шоттар заңсыз бұғатталады, – дейді Айдар Масатбаев.

Барлық жаңалық