💰 Экономика

Салық төлейтіндер биометриялық тексерістен өтеді

Қазақстанда салық төлеу кезінде биометриялық сәйкестендіру міндетті болуы мүмкін. Қаржы министрлігі бұл талапты реттейтін арнайы бұйрық жобасын әзірлеп, оны көпшілік талқылауына шығарды, деп жазады Ozgeris.info. 

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 2025 жылғы 20 тамызға дейін талқылау үшін қолжетімді. 

Биометриялық сәйкестендіру – адамның бет-әлпеті, саусақ ізі немесе өзге де жеке деректері арқылы жеке басын нақты анықтайтын технология. Бұл жүйе салық саласында енгізілсе, жалған тіркелімдер мен делдал арқылы жасалатын заңсыз әрекеттерге тосқауыл болмақ.

Қаржы министрлігі бұл өзгерістерді енгізу арқылы көлеңкелі экономикамен күресуді көздеп отыр.

 Ең алдымен, бұл жалған тұлғалар атына рәсімделетін шот-фактуралармен күресуге бағытталған. Сондай-ақ, салықтық операциялар кезінде туындайтын тәуекелдерді азайту және компаниялардың қаржылық-шаруашылық қызметін бақылауды күшейту жоспарланған.

Барлық жаңалық