💰 Экономика

Сәкен Майғазиевтің онлайн-тойына салық төлей ме?

Әнші Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын көпшілікке ақылы түрде ұсынғаны қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл – әншінің Telegram-арна арқылы ұйымдастырған ерекше форматы еді. Тойға онлайн қатысу үшін көрермендер 1380 теңге төлеуге тиіс болған. Енді бұл әрекетке салық органдары назар аударып отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, ақылы түрде көрсетілген бұл іс-шара  кәдімгі кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылады. Яғни, бұл табыс көзі болғандықтан, мемлекетке салық төлеу міндетті.

«Онлайн-тойға қатысу үшін ақы алу табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер іс-шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелсе, алынған табысты декларациялап, тиісті салықты төлеуі тиіс»,  делінген Комитет жауабында.

Салық мөлшері қандай болуы мүмкін?Қазақстан заңнамасына сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері бірнеше салық режимін таңдай алады:

• Жеңілдетілген декларация негізінде – 3% мөлшерінде салық төлейді;

• Жалпыға бірдей салық салу режимі – 10% жеке табыс салығын көздейді;

• Заңды тұлға ретінде тіркелгендер – 20% корпоративтік табыс салығын төлеуі тиіс.

Сәкен Майғазиевтің онлайн-тойынан нақты қанша табыс түскені, ол бұл қызметті қандай мәртебемен атқарғаны (жеке тұлға, ЖШС немесе жеке кәсіпкер ретінде) әзірге нақты емес. Бірақ салық органдары бұл жағдайды тексеруге құқылы.

Бұл оқиға қоғамда кеңінен пікір туғызды. Бір жағынан, өнер иесінің шығармашылық форматта табыс табуы заңды әрі заманауи трендке сай. Екінші жағынан, кез келген табыс көзінің салық заңнамасына бағынатынын естен шығармау қажет.

Экономистердің айтуынша, цифрлық өнімдер мен онлайн қызметтерден түсетін табысты бақылау – қазіргі салық саясатының басты бағыттарының бірі. Онлайн концерттер, стримингтік платформалар мен ақылы арналар да салық жүйесіне бейімделіп келеді.

Барлық жаңалық