Қазақстанға салынатын инвестиция көлемі кеміді деген сөз шындыққа жанаспайды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, негізгі капиталға тартылған қаржы керісінше көбейіп жатыр. Ал инвестиция азайды деген пікір есептегі әдістемелік жаңсақтықтан туған, деп жазады Ozgeris.info.
«Негізгі капиталға құйылып жатқан инвестиция азайып жатқан жоқ. Керісінше, өсіп келеді. Мемлекеттік инвестиция көлемі де артып отыр. Бұл негізінен көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларына бағытталған қаржы. Сонымен қатар біз өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен саласындағы ірі жобаларды қолға алуға ниеттіміз», деді ол Үкімет отырысынан кейін.
Ресми дерек бойынша, биыл алғашқы алты айда бюджет есебінен 1,8 трлн теңге инвестиция салынған. Мемлекет ірі инвестор ретінде жалпы инвестицияның 22 пайызына жауап беріп отыр. Үкімет енді «Бәйтерек» холдингі арқылы кредит беру көлемін 8 трлн теңгеге дейін жеткізбек.
Бірақ сарапшылар алаңдаулы. Halyk Finance мамандары мемлекеттік инвестиция көбейгенімен, жеке сектордың белсенділігі бәсеңдеп бара жатқанын айтады. Бұл өз кезегінде экономиканың ұзақмерзімді қарқынына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар жеке бизнесті ынталандырусыз, тек мемлекетке иек артқан өсімнің тәуекелі де көп екенін ескертеді.