Жаңалықтар

Ресейлік журналист Қазақстан мен Әзербайжанға қатысты даулы пікір айтты

Ресейлік БАҚ-тың кейбір өкілдері көрші елдерге қатысты жағымсыз пікір айтуын доғарар емес. Бұл жолы ресейлік журналист Сергей Мардан Қазақстан мен Әзербайжанды сын садағына іліктірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

 

«Соловьёв Live» бағдарламасының жүргізушісі Қазақстанның Еділ өзені арқылы Каспий теңізіне келетін суды реттеу мақсатында Ресеймен бірлескен жұмыс тобын құру бастамасына қарсы шықты. Оның айтуынша, бұл қадам “отарлық санада қалып қойған елге тән” әрекет көрінеді.

 

Мардан, сонымен қатар, нақты деректерді тексерместен, Қазақстан ресми мәлімдемесінде Еділдің түркіше атауы – «Итиль» сөзін қолданды деп жалған ақпарат таратты.

 

– Бір кездері отар болғанымен, енді өзін Шыңғыс ханның тікелей мұрагері ретінде сезінетіндер Ресейден Еділдің бағытын өзгертуін талап етіп отыр, – деді ол ащы мысқылмен.

 

Сондай-ақ, ол Кеңес Одағындағы «солтүстік өзендерді бұру» жобасын еске алып, 1980 жылдары ресейліктер өздерін “донор” ретінде сезініп, Орта Азиядағы республикаларды асырап отырмыз деп ойлағанын айтты. Оның пікірінше, бұл жағдай КСРО-ның ыдырауын ресейліктердің іштей жеңіл қабылдауына себеп болған.

 

Мардан сөзімен тоқтамай, Әзербайжан туралы да даулы пікір айтты. Ол бұл мемлекетті “Кеңестік кезеңде ойлап табылған құрылым” деп атап, “ежелгі әзербайжан жері” деген түсінікті жоққа шығаруға тырысты. Оның айтуынша, әзербайжан ұлтшылдығы – тарихи шындықтан алыс құбылыс.

 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан билігі Каспий теңізінің суы тартылып бара жатқанына алаңдап, Ресеймен Еділ өзенінің реттелу мәселесі бойынша бірлескен жұмыс тобы құрылуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Болат Бекнияз:

– Егер теңіздің тартылуы бойынша жұмыс тобы құрылса, біз Еділ өзені аясында ресейлік тараппен заң аясында ынтымақтаса аламыз. Өзен бойында бірнеше су қоймасы мен гидроэлектростанциялар бар екенін білеміз, – деген еді.

Барлық жаңалық