Қазақстан мен Қытай тағы бір ауқымды қаржылық келісімге келді. China Development Bank пен Қазақстанның Даму Банкі жалпы көлемі 1 млрд доллар болатын несие желісін ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім «Қытай – Орталық Азия» форумының аясында жасалған 24 млрд доллардан асатын 58 жобаның бірі, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Несие екі валютада — юань және доллар түрінде беріледі. Бұл қаржы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға бағытталмақ. Әсіресе өндіріс, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салаларындағы жаңа кәсіпорындарға демеу болмақ.
Атап айтқанда, Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыт, Павлодарда сұйық май шығаратын өндіріс орны, ал Түркістан облысында мақта кластерін құру жөнінде нақты келісімдер жасалды. Бұл жобалар аймақтардағы өңдеуші өнеркәсіптің дамуына серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруы тиіс.
Бұған дейін Қытаймен бірлескен жобалардың көбі инфрақұрылым мен логистика саласында жүзеге асса, енді ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу бағытындағы бастамаларға басымдық беріліп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және ауыл аймақтардағы жұмыс орындарын көбейтуге әсер етеді.