Қоғам

Qaztech eGov-тың орнын баспақ: Ресейлік Сбер платформасына сенуге болады ма?

Қазақстан қолданыстағы eGov.kz электронды үкімет порталынан бас тартып, оны жаңа цифрлық платформамен алмастыруды жоспарлап отыр. Билік өкілдері мұны толыққанды отандық жоба емес екенін жасырмайды. Яғни, ресейлік Сбер банкімен тығыз байланысты бастама. Бүгінгі таңда не белгілі? Ресейлік негіздегі платформаға көшу елге қандай қауіп төндіреді? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.

eGov пен G-Tech тартысы

2021 жылы, пандемия кезінде, Қазақстан үкіметі ескі әрі тиімсіз деп танылған eGov.kz порталының орнына Сбербанк Ресей ұсынған жаңа платформаны енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Сол жылдың қыркүйегінде сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин мен Сбер басшысы Герман Греф G-Tech атты жаңа цифрлық жүйе құру туралы меморандумға қол қойған.

Цифрлық даму министрі болған Бағдат Мусин сол кезде қазіргі eGov жүйесін «ескі замантамдарына», ал G-Tech-ті «заманауи тұрғын үйлерге» теңеп, жаңа жүйе бүкіл мемлекеттік қызметтерді бір жерге шоғырландырып, олардың сапасын арттырады деп мәлімдеді.

Биліктің бастамасын қоғам құптамады.  Халық жеке деректері үшін алаңдай бастады. «Неге қазақстандықтардың деректері Кремльге тиесілі компания жасаған жүйеге берілуі керек» деген сұрақтар айтыла бастады.

Айта кетейік, Сбербанк акцияларының 50%-ы Ресей Федерациясына, нақтырақ айтқанда Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Сонымен қатар, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Сберге халықаралық санкциялар салынған.

Қоғамдық қарсылық, сот және жобаның тоқтауы

Құқық қорғаушылар мен IT-мамандар аталмыш платформада жасырын қауіптер болуы мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ, қазақстандықтардың жеке мәліметтері Ресейдің қолына өтіп кетуі ықтимал екенін ашық айтты. Ел ішінде меморандумды жоюды талап еткен сот істері де қозғалды.

Бағдат Мусин бұл сынға жауап ретінде eGov тек мемлекеттік деректер базаларына қосылатын «витрина» ғана екенін, ал Сберге бұл базаларға кіруге ешқандай мүмкіндік берілмейтінін мәлімдеді. Алайда бұл жазба кейін әлеуметтік желілерден алынып тасталды, қазір ол тек БАҚ беттеріндегі үзінділер арқылы ғана қолжетімді.

Қоғамның наразылығынан кейін үкімет жобаны белгісіз мерзімге шегерді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін және Ресейдің Украинаға басып кіруінен соң, бастама ресми түрде тоқтатылды. G-Tech жобасы мұрағатқа кетті. Сбермен ынтымақтастық та формалды түрде доғарылды.

Қайта оралу: G-Tech енді Qaztech пе?

Десе де, бірыңғай цифрлық платформа құру идеясы ұмыт қалған жоқ. 2023 жылы Қазақстан өз жобасын әзірлеуге кірісті. Алдымен ол «G-Tech» деп аталды, кейінірек QazTech атауын алды. Ресми мәлімет бойынша, бұл шетелдік жеткізушілерге тәуелсіз отандық өнім.

Дегенмен билік өкілдері бұл жоба Сбердің бұрынғы шешімдерін негізге алатынын жасырмады. 2021 жылы Мусин Сбер Қазақстанға бастапқы кодтарды беріп, жүйені біздің серверлерде орнатып, техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететінін айтқан. Қарапайым тілмен айтсақ, бізге «пәтердің кілтін» бергенімен, сол пәтердің жобасы ресейлік сызба бойынша салынған. Сарапшылардың айтуынша, мүмкін Сберде сол кілттің «дубликаты» да бар шығар?!

Қазіргі жағдай: QazTech қайда?

Биыл сәуірде Цифрлық даму министрлігі qazteck.gov.kz доменін тіркегенін және негізгі модульдердің іске қосылғанын мәлімдеді. Ал ақпараттық жүйелерді жаңа платформаға көшіру2025 жылдың соңына жоспарланған.

Алайда шенеуніктердің өзі жаңа жүйенің толық дайын емес екенін, әрі ресейлік архитектурамен әлі де тығыз байланысты екенін мойындайды. Министрліктің мәлімдеуінше, Qaztech «Сбер тобының V-платформа шешімдері негізінде» әзірленіп жатыр.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, платформаны жасау үшін CAST Limited атты жекеменшік кәсіпорын құрылған. Бұл «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен BTS Digital компаниясының бірлескен жобасы. Формалды түрде отандық заңды тұлғалар, бақылау мемлекетте.

Өзекті Медиа ақпаратына сенсек, Qaztech жобасына халық сенбейді. Себебі ұлттық жоба деген желеумен Ресейлік жобаны жай ғана қайта құра салған сияқты.

Барлық жаңалық