«Ащы болса да шындық айтайын: қазіргі балалар болашақта ұзақ өмір сүрмейді». Threads әлеуметтік желісінде Дана есімді қолданушы осындай пікір жазды. Ол қазіргі балалардың көп уақытын телефон мен теледидар алдында өткізетінін, дене қалпының бұзылғанын, дұрыс тамақтанбайтынын айтып, чипсы, кола, фастфудты «мусор тамақ» деп атаған, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.
Автор өз балалық шағын да еске алады. Оның айтуынша, ол кезде смартфон болмаған, теледидарға қызығушылық аз болған. Балалар таңнан кешке дейін далада ойнап, топыраққа аунап, жалаңаяқ жүріп, футбол ойнап, секіріп, өздеріне ойыншықты өздері жасап өскен.
Бұл пікір әлеуметтік желідегі кезекті ностальгиялық жазба сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның ішінде ғылым растайтын тұстар да, асыра айтылған тұстар да бар. Ендеше қазіргі балалардың денсаулығы шынымен нашарлап бара ма? Олар ата-аналарынан қысқа өмір сүре ме? Смартфон көру қабілетін бұза ма? Чипсы мен кола қандай қауіп төндіреді? Витаминдер көмектесе ме? Ал 1990 жылдары өскен миллениалдардың балалық шағы шынымен бүгінгі балалардан жақсы болды ма?
«Қазіргі балалар ұзақ өмір сүрмейді» — ғылыми дәлел бар ма?
Бірден айтайық: қазіргі балалар болашақта міндетті түрде аз өмір сүреді деген ғылыми дәлел жоқ. Керісінше, әлемде балалардың өмір сүру көрсеткіштері соңғы бірнеше онжылдықта айтарлықтай жақсарды. ЮНИСЕФ мәліметінше, 1990 жылы әлемде шамамен әрбір 11-бала бес жасқа жетпей қайтыс болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш әрбір 27 баланың біріне дейін төмендеген. Бес жасқа дейінгі балалар өлімі 1990 жылғы әр мың тірі туған балаға шаққандағы 93,5 жағдайдан 2024 жылы 37,4 жағдайға дейін азайған. Демек, «қазіргі балалардың өмірі қысқарады» деген пікірді ғылым дәлелдеп отырған жоқ. Бірақ бұл қазіргі балалық шақта жаңа қауіптер пайда болмады деген сөз емес. Мәселе өмірдің ұзақтығында ғана емес, өмірдің сапасында болуы мүмкін.
Телефон балаларды бүкір қылып жатыр ма?
Бұл жерде әлеуметтік желідегі пікірдің жаны бар. Бала бірнеше сағат бойы басын төмен түсіріп, смартфонға үңіліп отырса, мойынға, иыққа және арқа бұлшықеттеріне түсетін салмақ артады. Ғылыми зерттеулерде смартфонды ұзақ пайдаланудың балалар мен жасөспірімдердегі мойын ауыруы және дене қалпының өзгеруімен байланысы зерттелген. Бірақ «телефон қолданған бала міндетті түрде бүкірейеді» немесе «осанкасы қисайғандықтан тез қартаяды» деу — ғылыми тұжырым емес. Дене қалпына баланың физикалық белсенділігі, қанша уақыт отыратыны, ұйқысы, оқу жағдайы, бұлшықетінің дамуы және күнделікті әдеттері де әсер етеді. Сондықтан мәселені «телефон — жау» деп қарапайымдату дұрыс емес. Негізгі қауіп — қозғалыссыз өмір салты.
Көз мәселесі ше?
Бұл жерде де алаңдауға негіз бар. 2025 жылы JAMA Network Open журналында жарияланған жүйелі шолу мен метаталдау 45 зерттеуді және 335 мыңнан астам адамды қамтыған. Зерттеушілер цифрлық экран алдында өткізілетін уақыт пен миопия, яғни алыстан көрмеушілік қаупінің арасында байланыс бар екенін анықтаған. Күнделікті экран уақытын әрбір қосымша бір сағатқа арттыру миопия ықтималдығының жоғарылауымен байланысты болған. Алайда бұдан «30 жаста қазіргі балалардың бәрі көрмей қалады» деген қорытынды шықпайды. Көзге экраннан бөлек көптеген фактор әсер етеді. Соның бірі — далада жеткілікті уақыт өткізбеу. Бала күні бойы жақыннан телефонға, планшетке немесе компьютерге қарап, сыртта аз жүрсе, оның көз денсаулығына әсер ететін бірнеше фактор бір уақытта жиналады. Сондықтан смартфонды толығымен алып тастау міндетті шешім емес. Ең маңыздысы — экран уақытын қозғалыспен, даладағы белсенділікпен және көзге демалыспен теңестіру.
Бұл мәселені тек статистикамен өлшеу қиын. Өйткені экранның бала өміріне әсері күнделікті тұрмыста анық байқалады. Гүлім Орынбай да өз тәжірибесін айтып, баласының алты жасынан бастап көру қабілеті нашарлағанын жеткізеді.
«Басында телефонға қызықпайтын. Әкесі телефон алып беріп, өзі үйретті. Ақыры телефонмен дос болып алды. Сыртқа да шыққысы келмейді. Әр нәрсеге жынданады, ойынға, басқаға. Негізі балалар таза ауада өсуі керек. Баламды ойлаймын. Үнемі жұмыста болып, оған шектеу қоя алмаймын. Бірақ шынымен балама алаңдаймын. Десе де қазіргі балалардың бәрі осындай. Біз секілді өссін деген заң жоқ шығар», — дейді ол.
Бұл пікірде бір маңызды нәрсе бар: мәселе тек баланың телефон қарауында емес, ата-ананың цифрлық ортаға бақылау орнатуға қаншалықты мүмкіндігі барында. Қазіргі ата-аналардың барлығы баласымен тәулік бойы бірге отыра алмайды. Жұмыс, тұрмыс, мектеп, жол және басқа міндеттер бар. Сондықтан «баланың телефонын алып қой» деген кеңес өмірде әрдайым оңай орындала бермейді.
Қазіргі балалар шынымен аз қозғала ма?
Бұл — әлеуметтік желідегі жазбаның ең негізді тұстарының бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 5–17 жастағы балалар мен жасөспірімдерге күн сайын кемінде 60 минут орташа немесе жоғары қарқынды физикалық белсенділікті ұсынады. Бұдан да көп қозғалыс қосымша денсаулық пайдасын береді.
Ал бұрынғы балалар үшін қозғалыс көбіне арнайы жоспарланған жаттығу емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі еді. Қазір осы әрекеттердің бір бөлігі экран алдындағы уақытқа ауысты. Сондықтан мәселе смартфонның өзінде емес. Смартфон баланың қозғалысына бөлінетін уақытты толықтай алмастырса, мәселе сонда.
Осы пікірге қатысты Ербол Сүгірбай қазіргі балалардың барлығын бірдей телефонға тәуелді, денсаулығы нашар деп бағалауға болмайтынын айтады.
«Қазіргі балалар деп жаппай жала жапқанына келіспеймін. Бес балам бар. Бәрі сыртта ойнайды. Телефонды да уақытымен қарайды. Себебі бәріміз қолданамыз. Интернетте де білуге тиіс нәрсе көп. Заманнан қалмау керек. Балаларым таза өнім жейді, үнемі сыртта ойнайды. Бәрі шымыр, күреске және басқа спорт түрлеріне қатысады. Сондықтан адам кішкене ойланып сөйлеуі керек. Бәрі ата-ананың әрекетіне байланысты. Балалар бәрін түсінеді», — дейді ол.
Оның пікірінше, мәселені технологиядан ғана көру дұрыс емес. Баланың денсаулығы мен күн тәртібінде ата-ананың тәрбиесі, бақылауы және өз үлгісі маңызды рөл атқарады. Смартфонды толық тыйым салу емес, оны дұрыс пайдалануды үйрету қажет.
Чипсы, кола және фастфуд қаншалықты қауіпті?
Бұл жерде әлеуметтік желідегі автордың сөзі эмоциялық болғанымен, негізгі мәселені дұрыс көтеріп отыр. ДДСҰ-ның қазіргі ұсынымдары бойынша дұрыс тамақтанудың негізі — әртүрлілік, теңгерімділік, мөлшер және қауіпсіздік. Рационда көкөніс, жеміс, бұршақ тұқымдастар, тұтас дәнді өнімдер және пайдалы ақуыз көздері болуы керек. Ал қант, тұз және зиянды майлар мөлшері жоғары тағамдарды шектеу қажет. Әсіресе ультраөңделген тағамдарды шамадан тыс тұтыну алаңдатады. Мұндай өнімдердің құрамында қант, тұз немесе зиянды май көп болуы мүмкін. Тәтті газдалған сусындар да баланың күнделікті рационының тұрақты бөлігіне айналмауы керек. Бірақ «чипсы жеген балалардың бәрінде панкреатит болады», «кола өт жолын тоқыратады», «фастфуд міндетті түрде аллергия туғызады» деген пікірлерді ғылыми факт ретінде айтуға болмайды. Мұнда жеке аурулардың себептері әлдеқайда күрделі.
Дұрысы — белгілі бір өнімді демонизациялау емес, баланың жалпы тамақтану үлгісіне қарау. Балалардың арасында артық салмақ мәселесі де бар Қазіргі балалық шақтың үлкен мәселелерінің бірі — семіздік пен артық салмақ. Бұған дұрыс емес тамақтану, тәтті сусындар, жоғары калориялы өнімдер, қозғалыстың аздығы және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. ДДСҰ да қазіргі тамақтану жүйесінің өзгеруі, жоғары деңгейде өңделген тағамдардың көбеюі және өмір салтының өзгеруі дұрыс емес тамақтану қаупін арттырғанын атап өтеді. Демек, ата-аналардың «бала дұрыс тамақтансын» деген алаңдауы негізсіз емес. Бірақ мұнда да шектен шығудың қажеті жоқ. Баланың анда-санда пицца жеуі немесе туған күнде газды сусын ішуі оның денсаулығын бірден бұзбайды. Қауіп — мұндай тағамдардың күнделікті рационның негізіне айналуында.
«Экологиялық таза» қандай өнім?
Бұл жерде де абай болу керек. Дүкендегі «табиғи», «эко», «фермерлік», «үй өнімі» деген жазулардың бәрін автоматты түрде «денсаулыққа пайдалы» деп қабылдауға болмайды. Бала үшін ең маңыздысы — өнімнің міндетті түрде қымбат немесе «эко» болуы емес.
Қарапайым әрі құнарлы рационның құрамында:
* көкөністер;
* жемістер;
* бұршақ тұқымдастар;
* сұлы, қарақұмық сияқты дәнді дақылдар;
* жұмыртқа;
* балық;
* ет;
* айран, қымыз, сүзбе сияқты сүт өнімдері;
* жаңғақтар мен тұқымдар;
* таза ауыз су сияқты өнімдер болуы мүмкін.
ДДСҰ жаңа піскен және минималды өңделген өнімдерді дұрыс тамақтанудың негізі ретінде көрсетеді. Яғни балаға міндетті түрде «эко» деген жазуы бар қымбат өнім іздеуден бұрын, оның күнделікті рационының әртүрлі болғаны маңызды.
Ал балаларға арналған витаминдер көмектесе ме?
Витаминдер мәселесінде де қоғамда үлкен түсініспеушілік бар. Кейбір ата-аналар «балам дұрыс тамақтанбайды, сондықтан витамин берсем болды» деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. ДДСҰ теңгерімді және әртүрлі тамақтану балаларды қажетті дәрумендер мен минералдардың көпшілігімен қамтамасыз ететінін айтады. Ал қоспалар белгілі бір дәрумен немесе минерал тапшылығы болған жағдайда немесе нақты медициналық көрсетілім бойынша қажет болуы мүмкін. Мысалы, темір, йод, D дәрумені сияқты микроэлементтер баланың қалыпты өсуі мен дамуы үшін маңызды. Бірақ оларды баланың жасына, тамақтануына және денсаулық жағдайына қарай дәрігермен кеңесіп қолданған дұрыс. Витамин — дұрыс тамақтанудың орнын баспайды. Бала күн сайын чипсы жеп, кола ішіп, кейін мультивитамин қабылдаса, бұл оны дұрыс тамақтанатын балаға айналдырмайды.
«Біздің кезімізде бәрі жақсы еді» — рас па?
Міне, осы жерде ностальгия басталады. 1990 жылдары немесе 2000 жылдардың басында өскен балалардың балалық шағы қазіргі балалардан шынымен өзгеше болды. Смартфон, әлеуметтік желі болған жоқ. YouTube мүлдем болмады. Онлайн ойындар жоқтың қасы еді және балалар бір-бірімен аулада кездесті. Бірақ бұл біздің балалық шағымыз мінсіз болды дегенді білдірмейді.
Бұрын балалардың медициналық диагностикасы қазіргі деңгейде болған жоқ. Қауіпсіздік стандарттары да бүгінгідей емес еді. Автокөлік қауіпсіздігі, жол қауіпсіздігі, психологиялық денсаулық туралы түсінік, балалар жарақатының алдын алу сияқты мәселелердің барлығы бүгінгідей дамыған жоқ. Сондықтан «бұрынғы балалардың бәрі дені сау, қазіргі балалардың бәрі ауру» деген салыстыру — ғылыми емес. Керісінше, жалпы адамзат тарихында балалардың аман қалу мүмкіндігі айтарлықтай өсті.
Осы мәселеге қатысты диетолог Аспанбай Арыстанов балалардың чипсы, фастфуд сияқты өнімдерді шамадан тыс тұтынбағаны дұрыс екенін айтады.
«Балалардың ондай өнімдерді жемегені дұрыс. Бірақ оны жейтіндердің бәрінің денсаулығы нашар, жемегендердің денсаулығы жақсы деген түсінік болмауы керек. Экология да адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Оның үстіне әр баланың организмі әртүрлі. Дегенмен химиялық қоспасы көп, ГМӨ тағамдарынан мүмкіндігінше аулақ болған абзал», — дейді диетолог.
Маманның пікірінше, баланың денсаулығын бір ғана тағаммен немесе өніммен байланыстырып қоюға болмайды. Баланың тамақтануы, қоршаған ортасы, физикалық белсенділігі және жеке ағзасының ерекшеліктері кешенді түрде қарастырылуы керек.
Миллениалдардың балалық шағында бір үлкен артықшылық болды
Ол — қозғалыс пен тірі қарым-қатынастың көп болуы. Бұрын бала үйден шықса, ойын автоматты түрде басталатын. Қазір бала үйден шықпай-ақ бірнеше сағат бойы ондаған адаммен сөйлесе алады, ойын ойнай алады, видео көре алады. Технология өмірді ыңғайлы етті. Бірақ ыңғайлылықтың екінші жағы бар: қозғалыс азаюы мүмкін. Сондықтан бүгінгі ата-ананың міндеті — баланы технологиядан толық ажырату емес, технология мен шынайы өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Сонда Дана нені дұрыс айтты, ал қай жерде қателесті?
Оның жазбасындағы пікірлерді шартты түрде үшке бөлуге болады. Дәлелге негізі бар пікірлер:
— балалардың қозғалысын көбейту қажет;
— экран уақытын бақылау керек;
— дұрыс тамақтануға көңіл бөлу қажет;
— ультраөңделген тағамдарды шамадан тыс тұтыну пайдалы емес;
— далада көбірек уақыт өткізу маңызды.
Жартылай дұрыс пікірлер:
— смартфон дене қалпына әсер етуі мүмкін;
— экран уақыты миопия қаупімен байланысты;
— қазіргі балалардың отырықшы өмір салты денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Дәлелі жоқ немесе тым асыра айтылған пікірлер:
— қазіргі балалар міндетті түрде ата-анасынан қысқа өмір сүреді;
— бәрі 30 жастан бастап көрмей қалады;
— қазіргі балалардың бәрінде панкреатит, өт тоқырауы, іш қату және аллергия болады;
— дене қалпының бұзылуы баланы «тез қартайтады».
Ең қызығы — мәселе балаларда ғана емес
Бала өзі таңдап алып смартфонға тәуелді болып отырған жоқ. Оның өмір салтын ересектер қалыптастырады. Егер ата-ана баламен бірге күн сайын серуендесе, спортпен айналысса, үйде пайдалы тамақ дайындалса, телефонға нақты шектеу қойылса және баланың бос уақыты тек экранмен толтырылмаса — қазіргі технологиялар баланың жауына айналмайды. Сондықтан бүгінгі балаға 1990 жылдардағы балалық шақты дәлме-дәл қайтарудың қажеті жоқ. Оған сол балалық шақтағы ең пайдалы нәрселерді қайтару керек.
Бірақ «қазіргі балалардың өмір салтында денсаулыққа қауіп төндіретін факторлар жоқ» деу де қате. Ғылым бізге баланың денсаулығына ең көп көмектесетін нәрсенің аса қымбат витаминдер немесе «эко» деген жазуы бар өнімдер емес екенін көрсетеді. Қозғалыс, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, таза ауа, қалыпты экран уақыты және сапалы медициналық бақылау — баланың болашақ денсаулығының негізгі тіректері. Ал біздің балалық шағымыздың ең жақсы жері, бәлкім, топыраққа аунағанымызда емес. Бізде телефоннан басқа айналысатын нәрсе көп болғанында шығар. Бүгінгі балаларға да дәл осыны қайтара алсақ, технологиядан бас тартпай-ақ олардың балалығын дені сау ете аламыз.