Мемлекет басшысы ғылымға бөлінетін қаржыға қарамастан, нақты нәтиженің аз екенін атап өтті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Президент ғылыми жобалар елге нақты пайда әкелуі тиіс екенін айтып, қазіргі жағдайды «имитация» деп бағалады. Оның сөзінше, кейбір ұйымдар инновацияны дамыту орнына, тек қызметті формалды түрде көрсетумен айналысып отыр.
Тоқаев нақты деректерді келтірді: 3 мыңнан астам қолданбалы жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға жарамды нәтиже көрсеткен, ал нарыққа небәрі 29 жоба шыққан.
Сонымен қатар, ғылымға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылмауы да сынға алынды. Кейбір өндірістік жобаларға берілген жер телімдері бос тұр, ал гранттық қаражаттарды заңсыз пайдалану фактілері тіркелген. Қазіргі уақытта 11 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Президент ғылым саласында жауапкершіліктің әлсіз екенін, бақылаудың жеткіліксіздігін және цифрландыру деңгейінің төмендігін атап өтті.
Ол барлық ғылыми зерттеулер нақты экономикаға енгізілуі тиіс екенін айтып, «пустозвонство мен жалған есептерге жол берілмейді» деп қатаң ескертті.