Қазақстанда білім беру нысандарының тапшылығы мен үш ауысымды оқу мәселесін шешу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлімдеді деп жазды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елде 163 мектеп өз мақсатына сай келмейтін ғимараттарда орналасқан. Олардың қатарында монша мен қойма сияқты орындар бар.
Осыған байланысты 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай ғимараттарда орналасқан мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысы берілмейді.
Сондай-ақ жаңа тұрғын үйлердің қарқынды салынуына байланысты мектеп жетіспеушілігі мәселесі де өзекті. Бұл бағытта жаңа құрылыс кодексі аясында мектеп салуға арналған жер телімдерін алдын ала резервтеу міндеттеледі.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде де оқушы орындары жетіспейтін аймақтарға басымдық берілген. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан облысында жаңа мектептер белсенді салынуда.
Астанада соңғы үш жылда 44 мектеп салынған. Нәтижесінде үш ауысымды оқу мәселесі толық шешіліп, мектептердегі жүктеме азайған.
Биыл елордада тағы 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 2035 жылға дейін 137 жер телімі мектеп салуға резервке алынған.