📰 Сарапшылар пікірі

Осы 7 нәрсені білмей, несие алмаңыз

Осы 7 нәрсені білмей, несие алмаңыз

Көп адам несие аларда тек ай сайынғы төлемге қарайды да, шарттың ішіндегі маңызды тұстарды байқамай қалады. Соның салдарынан кейін артық төлеп, қарызға батып жататындар аз емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы жағдайға байланысты қазақстандықтарға 7 маңызды кеңес берді. Қарапайым, бірақ өте маңызды ережелер, деп жазады Ozgeris.info.

Несие аларда ең бірінші қарау керек нәрсе – шарттың бірінші беті. Көп адам оны жай ғана қарап шығып, қол қоя салады. Бірақ дәл сол жерде негізгі ақпарат жазылады. Қанша ақша алып отырсыз, қанша уақытқа, пайыздық мөлшерлеме қандай, жылдық тиімді сыйақы қанша, қалай өтейсіз, бәрі осы жерде тұрады. Сонымен қатар мерзімінен бұрын жабу шарттары мен айыппұлдар да осы бетте көрсетіледі.

Екінші маңызды нәрсе – кредиттің толық құны. Яғни сіз тек ай сайын төлейтін соманы емес, жалпы қанша ақша қайтаратыныңызды түсінуіңіз керек. Оның ішінде комиссиялар бар, сақтандыру болуы мүмкін. Соның бәрін қосқанда, бастапқы алған сомадан әлдеқайда көп төлеп кетуіңіз мүмкін.

Үшінші – өтеу әдісін дұрыс таңдау. Әдетте екі түрлі болады. Бірі – аннуитеттік, яғни ай сайын бірдей төлейсіз. Екіншісі – сараланған, мұнда алғашқы төлемдер жоғары, кейін азаяды. Қайсысы сізге тиімді соны алдын ала ойлану керек.

Төртінші – кредиттің мерзімі. Көп адам «ай сайын аз төлеймін» деп, ұзақ мерзімге алады. Бірақ мерзім ұзақ болған сайын артық төлейтін ақшаңыз да көбейеді. Сондықтан тек айлық төлемге емес, жалпы шығынға қарау маңызды. Сонымен бірге, ертерек жабам десеңіз, қандай шарттар бар, комиссия бар ма, соны да нақтылап алған дұрыс.

Бесінші – айыппұлдар мен комиссиялар. Егер төлемді кешіктірсеңіз не болады? Қанша өсімпұл қосылады? Шартты өзгерту керек болса, тағы қанша төлейсіз? Осылардың бәрін алдын ала біліп алған жөн. Кейде дәл осы жерден күтпеген шығындар шығады.

Алтыншы – жеке деректер. Шартта сіздің деректеріңіз дұрыс жазылғанына көз жеткізу керек. Сонымен қатар ол деректер қалай өңделеді, үшінші тұлғаларға беріле ме, осының бәрімен танысып шығу маңызды.

Жетінші – шартқа қосымша құжаттар. Көп адам тек негізгі шартты оқып, қалғанын қарамайды. Бірақ төлем кестесі мен жадынама да сол шарттың бір бөлігі. Яғни, олар да заңды түрде маңызды құжаттар болып есептеледі.

Мамандардың айтуынша, асықпай, барлық сұрақты қойып алу керек. Түсініксіз нәрсе болса – міндетті түрде сұрау қажет. Өйткені кейін бәрі кеш болуы мүмкін.

Агенттік бұл туралы нақты ескертеді:

«Шартқа қол қоймас бұрын қаржы ұйымының өкіліне барлық қажетті сұрақтарды қойыңыз. Қажет болса, қосымша кеңес алыңыз. Кредит бойынша міндеттемелерді орындау кредиттік тарихқа әсер ететінін ұмытпаңыз. Төлемдерді уақтылы төлемеу айыппұлдардың есептелуіне, берешектің өсуіне және қаржылық қызметтерге қолжетімділіктің шектелуіне әкелуі мүмкін».

Яғни мәселе тек несие алуда емес – оны қалай түсініп, қалай басқаратыныңызда Айта кету керек, 2026 жылдың 19 наурызынан бастап Қазақстанда тұтынушылық несие берудің жаңа ережелері күшіне енді. Сондықтан қазір несие аларда бұрынғыдан да мұқият болған дұрыс.

Барлық жаңалық