✅ Пайдалы

Қазақстанда әскерге шақыру уақыты нақты белгіленді

Қазақстанда әскерге шақыру уақыты нақты белгіленді

Қазақстанда әскери қызметке шақырудың тәртібі қайта жаңартылды. Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, енді жастар әскерге қашан шақырылатынын алдын ала нақты біле алады, деп жазады Ozgeris.info.

Мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет өтеді: көктемде, 1 наурыздан 30 маусымға дейін; күзде, 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін.

Бұрын бұл уақыт аралығы нақты көрсетілмегендіктен, көп жағдайда әскери бөлімдер мен шақырылушылар арасында түсініспеушілік туындайтын. Екінші кезеңнің басталуы жас сарбаздарды жөнелту кестесіне қарай өзгеріп отырды. Енді бұл мәселе жүйеленіп, алдын ала жоспар жасау оңайлайды.

Бұл әсіресе оқуға, жұмысқа немесе жеке жоспар құруға дайындалып жүрген жастар үшін тиімді. Енді олар шақыру қағазын күтпей, әскери міндетін орындау уақыты туралы нақты ақпаратқа ие бола алады.

Айта кетейік, шақырту қағазы бұрынғыдай қағаз түрінде ғана емес, электронды форматта да жолданатын болды. Бұл өзгеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған әскери-патриоттық тәрбие мен мемлекеттік функцияларды қайта бөлуге қатысты заңда көрсетілген.

Қаулы ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң, яғни 29 шілдеде күшіне енеді. Толық өзгерістермен НҚА эталондық бақылау банкінің сайтынан танысуға болады.

Барлық жаңалық