✅ Пайдалы

Қазақстанда алғашқы аэротакси пайда болмақ

Алматы облысында еліміздегі тұңғыш аэротакси жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл көлік түрі кәдімгі ұшақ сияқты емес, тік ұшып, тік қона алады. Ең бастысы, ол қоршаған ортаға зиянсыз, себебі отын ретінде сутегіні пайдаланады, деп жазады Ozgeris.info.

Жобаны жеке компания шетелдік мамандардың көмегімен іске асырып жатыр. Оған мемлекет те қолдау көрсетіп отыр. Қорғаныс министрлігі, цифрлық даму министрлігі және Алматы облысының әкімдігі арнайы жұмыс тобына кірген.

Қазір ғалымдар мен инженерлер Қазақстанның ауа райы жағдайында аэротаксидың қалай жұмыс істейтінін зерттеп жатыр. Сондай-ақ 2025-2026 жылдары дайын болатын техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Ал сынақ ұшуларын өткізу үшін Алатау қаласында уақытша алаң салынады. Бұған қоса, индустриялық аймақта арнайы сынақ орталығы ашылған.

Алғашқы пилоттық ұшулар 2026-2027 жылдары жоспарланып отыр. Әуе коридорын белгілеу міндеті Қорғаныс министрлігіне жүктелген.

Көлік министрлігі мұндай жоба Алматы мен Алатау арасындағы қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттырады деп есептейді. Болашақта аэротакси қала ішіндегі жаңа әуе көлігінің бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Барлық жаңалық