Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою ұсынылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тиісті өзгерістер онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобаларында қарастырылған.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, заң жобалары Құрылтайда бірінші оқылымда қаралды. Ұсынылған өзгерістер балаларды интернеттегі зиянды ақпараттан қорғауға және онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, әлеуметтік желілер пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттелуі мүмкін. Ал 16 жасқа толмаған балалардың мұндай платформаларға тіркелуіне тыйым салу көзделіп отыр.
Дегенмен бұл шектеу балалардың ата-анасымен, жақындарымен және мұғалімдерімен байланысуына арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Сонымен қатар заң жобасында әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылған. Атап айтқанда, кибербуллингке қатысты материалдарды жою жөніндегі нұсқаманы орындамаған платформалар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
Министрлік дерегінше, биылғы он айда интернет кеңістігінен заңға қайшы 128,5 мың материал анықталған. Олардың шамамен 70 пайызы жойылған.
Әзірге бұл талаптар заң жобасы ретінде қарастырылып жатыр. Тиісті өзгерістер қабылданған жағдайда ғана күшіне енеді.