Жылдар бойы ел ішінде айтылып келе жатқан маңызды бір сұрақ бар: «Ұрланған байлық ел бюджетіне қайтып жатыр ма?» Осы сұрақтың жауабын іздеп келген басты құрылым енді жаңа бағытқа бет алды. Президент бастамасымен Заңсыз активтерді қайтару комитеті енді Инвесторларды қорғау жөніндегі комитет болып қайта құрылып, өз миссиясын бастап кетті. Қоғамның қызығушылығын тудырған жаңашылдық туралы сарапшылар не дейді? Ozgeris.info тілшісі жағастырады.
Еліміз конфискациядан бизнеске қолдау көрсетуге, қысымнан сенімге қарай бет бұрды. AERC қолданбалы зерттеулер департаментінің консультанты Асхат Мұхтарұлы өзгерісті жоғары деңгейде алдын ала шешілген қадам деп санайды.
«Меніңше, жоғары жақта келісілген мәселе. Сол себепті жұмысты біртіндеп басқа арнаға бұрып жатыр. Енді басты назарда инвесторлардың құқығын қорғау», - дейді маман.
Оның айтуынша, заңсыз активтерді қайтару тоқтамайды, тек тәсілі мен атауы өзгереді.
Экономист сарапшылар аталған қадамды мәжбүрлеуден ынталандыруға көшу деп түсіндіреді.
«Активтерді қайтару әрине жалғасады, тек тәсіл өзгереді. Бұрын көбіне мәжбүрлеп қайтару басым болатын, бұл өте шығынды жол. Енді мемлекет шетелдегі ақшасын елге өз еркімен салуға мүмкіндік беруді көздеп отыр. “Ақшаны елге әкел, инвестиция сал, ешкім тимейді” деген белгі беріліп отыр», - дейді Жанат Нұрғалиев.
Екі жыл ішінде елге 850 миллиард теңге қайтарылған. Халық бұл соманы «ұрланған ақшамен салыстырғанда мардымсыз» деп бағалайды. Сарапшылар да халықтың пікірін теріске шығармай, құптап отыр.
«Бұл теңіздің тамшысы сияқты. Мемлекеттік бюджет 30 триллион теңге. Отыз жылда қаншама байлық шетел асқанын ескерсек, 850 миллиард тым аз», - дейді Асхат Мұхтарұлы.
Жанат Нұрғалиев деректердің жабық болғаны күмәнді екенін айтады.
«Бізге тек бір ғана көрсеткіш белгілі, екі жылда қанша ақша жиналғанын көріп отырмыз. Оның қаншасы шетелден, қаншасы сатылған актив, қаншасы таза ақша беймәлім. Егер бұл деректер тұрақты әрі егжей-тегжейлі жарияланса, тиімділік те, сенім де артар еді».
Ол Норвегия тәжірибесін мысалға келтіреді. Айтуынша, оларда зейнетақы қорының сайтынан активтердің құнын, олардың қайда салынғанын онлайн көруге болады. Бізде әзірге бір реттік хабарламалар ғана бар.
Бас прокуратура сайтындағы мәліметке сүйенсек, 5,6 миллиард теңге қайтарылған активтер Абай облысында медициналық нысандар салуға бағытталған. Атап айтсақ, Үржарда көпсалалы аурухана корпусы, Аягөзде орталық аурухананың қосымша корпусы салынып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, осының барлығын халық айқын көруі үшін қарапайым шара керек. Мысалы, салынып жатқан нысанның алдына, «мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынып жатыр» деп жазылуы. Сонда адамдар бұл жай ғана бюджет қаржысы емес екенін, қайтарылған ақша екенін білер еді.
Сарапшылардың пікірінше, жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы кезеңінің және заңсыз баюды анықтайтын нормалардың күшін жою –қателік.
«Бұдан бас тартып отыр, өйткені бұл өздеріне келіп тиетінін біледі шенеуніктер де, депуататтар да. Сондықтан кіріс-шығысты, шетелдегі активтерді салыстырып отыруды заңдастыру қажет. Бұл ашық болуы тиіс», – дейді Асхат Мұхтарұлы.
Жаңа комитет ұрланған актвитерді мемлекетке қайтару жұмысынан бас тартпайды. Бұған сарапшылар сендіріп отыр.
«Бюджет тапшылығын ескерсек, бұл активтер бізге өте қажет. Қазір Дубайда Қазақстан жерінде заңсыз тапқан ақшасына күннің астында демалып жүргендердің құлағына алтын сырға. Дайын болыңыздар, біз барамыз», – деді Асхат Мұхтарұлы.
Комитеттің басшылығы ауыса ма? Сарапшылардың жауабынна сүйенсек, қазір комитетте айтарлықтай кадрлық өзгерістер болмайды.