Бұған дейін біз "ми ағыны" туралы жаздық. Ал соңғы статистикаға қарасақ, көші-қон азайып, керісінше, Қазақстанға көшіп келетіндер көбейіп жатыр. Жыл сайын көк паспорт алуды армандайтын 10 мыңнан астам шетелдік келеді екен. Ал өзіміздің халық елді сынаудан, жамандаудан жалықпайды. Сонда шетелдіктерді не қызықтырып отыр? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, соңғы екі жылда Қазақстанға келушілер саны елден кетушілер санынан асып түсті. Бұл соңғы жылдардағы алғашқы оң көрсеткіш. 2023 жылы көші-қон сальдосы +9 мың адамды, 2024 жылы +17 мың адамды құрады. Бұған дейін тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанда көші-қон сальдосы үнемі теріс болатын. Тек бір рет 2004 пен 2011 жылдар аралығында оң көрсеткіш тіркелген. Бұл сол кездегі экономикалық өсімнің, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруының және этникалық қазақтарды елге қайтару бойынша мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі болды. Сонымен бірге, 2004 жылға қарай Қазақстаннан кеткісі келген орыс тілділердің көбі елден көшіп үлгерген еді.
2011 жылдан бастап көші-қон сальдосы қайта теріс көрсеткішке түсті. 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасына бірден әсер етпесе де, біртіндеп экономиканың баяулауына, кейбір салалардың тоқырауына, теңгенің девальвациясына және жұмыссыздықтың өсуіне әкелді. Осы жағдай жастардың және мамандардың шетелге оқуға, жұмыс істеуге жаппай көшуін күшейтті. Сонымен бірге, Ресейдің қоныс аудару бағдарламалары белсенді іске қосылып, оған Қазақстандағы орыс тілділер қызығушылық таныта бастады. Экономикалық дағдарыспен қатар, бұл кезеңде Қазақстанда ұлттық сана-сезім де күшейе түсті. Қазақ тілі білім беру мен бұқаралық ақпарат құралдарында маңызды рөлге ие бола бастады. Ал 2010 жылға қарай тарихи отанына қайтқысы келген этникалық қазақтардың көпшілігі елге оралып болды. Сондықтан оралмандардың ағыны да азая түсті.
2011 жылдан кейін халықтың елден кетуі қайта жанданды, бірақ 90-жылдардағыдай жаппай көшу болған жоқ. Дегенмен, елге келушілер саны да айтарлықтай азайды. Нәтижесінде, 2011 жылдан кейінгі көші-қон сальдосы бұрынғыдай үлкен қарқынмен емес, баяу теріс көрсеткішке өсе бастады. Бұл көрсеткіш шарықтау шегіне 2019 жылы жетіп, сол жылы елден кеткендер саны 33 мың адамды құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, тәуелсіздік алғаннан кейін ең үлкен көші-қон 1994 жылы тіркелген – ол кезде Қазақстаннан 407 мың адам кеткен еді.
Украинадағы соғыс басталған сәттен бастап Қазақстаннан кететіндер саны азая бастады. 2023 жылы 16 мың адам, 2024 жылы 13 мың адам кетті. Соңғы алты жылда елден кетушілер саны 3,5 есе қысқарды. Бұл Қазақстан тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.
Енді елге көшіп келетіндерге тоқталайық
1991-1997 жылдар аралығында Қазақстанға көшіп келушілер саны жыл сайын азайып отырған. 1991 жылы 170 мың адам келген болса, 1997 жылы бұл көрсеткіш 38 мың адамға дейін төмендеді. Кейін біртіндеп өсіп, 2005 жылы 75 мың адамға жетті. Бірақ 2022 жылға дейін бұл көрсеткіш қайта төмендей бастады. 2021 жылы Қазақстанға тұрақты тұру үшін 11 мың адам келді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 17 мыңға, 2023 жылы 25 мыңға, ал 2024 жылы 29 мың адамға өсті. Соңғы бес жылда Қазақстанға қоныс аударатындар саны 2,6 есе артты. Бұл өсімнің негізгі себебін бәрі біледі. Украинадағы соғыс.
Ресейдің Алматыдағы Бас консулы Дмитрий Тураевтың айтуынша, 2022 жылы мобилизациядан қашқан 400 мыңнан астам ресейлік Қазақстанға келген. 2023 жылдың соңында олардың шамамен 50-80 мыңы Қазақстанда қалған. Олардың қаншасы Қазақстан азаматтығын немесе тұруға рұқсат алғаны нақты белгісіз. Бірақ олардың елге келуі көші-қон статистикасына елеулі әсер етті.
Соңғы 24 жылда Қазақстанға барлығы 880 мың адам қоныс аударған. Олардың ішінде ең көбі – Өзбекстаннан, шамамен 400 мың адам. Екінші орында – Ресейден келгендер, саны 250 мың адам. Үшінші орында – Қытайдан келген 61 мың адам. Сонымен қатар, Түрікменстаннан 43 мың, Моңғолиядан 35 мың, Қырғызстаннан 34,5 мың адам келген. Соңғы бес жылда осы алты елден Қазақстанға көшіп келушілер саны сегіз есе өсті. Әсіресе, бұл үрдіс соңғы екі жылда айқын байқалады.
Қазақстанға келетіндердің басым бөлігі қандастар. Бірақ олардың арасында этникалық қазақтар емес, басқа ұлт өкілдері де бар. Бұл топты екіге бөлуге болады: біріншісі – бұрын Қазақстанда мүлде тұрмағандар, мысалы, тәжіктер. Екіншісі – кезінде Қазақстаннан кеткен, бірақ кейін қайта оралған бұрынғы азаматтар.
Тағы бір қызықты үрдіс. Қазір Қазақстаннан Ресейге көшу азайды. Ресей қазір көшу үшін тартымды ел емес. Ал Қазақстан, керісінше, шетелдіктер үшін тартымды мемлекетке айналып келеді.
Қазақстан бір орнында тұрған жоқ. Бар қиындықтарға қарамастан дамып келеді. Өзге аймақ елдерімен салыстырғанда тұрақтылығы мен даму мүмкіндігі жақсырақ көрінеді. Бүгінде Қазақстан билігі елге келушілер санын көбейту үшін арнайы шаралар қабылдап жатыр. Әсіресе, білімді, білікті және табысты адамдарды тартуға басымдық берілуде. 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданған. Соның аясында Қазақстанға келетін шетелдіктерді ынталандыру шаралары іске асырылып жатыр.
Мысалы, Digital Nomad Visa енгізілді. Бұл виза Қазақстанға халықаралық IT мамандарды тартуға бағытталған. Сондай-ақ «алтын виза» ережелері жаңартылды. Енді Қазақстан компанияларына немесе отандық құнды қағаздарға кемінде 300 мың доллар инвестиция салған шетелдіктер электронды түрде инвестор визасына өтініш бере алады. Бұл визамен он жылға дейін Қазақстанда тұруға болады.
Сұранысқа ие мамандықтар бойынша шетелдік азаматтарға арналған визалар да қайта қаралды. Әсіресе, ғылым, білім, өндіріс, IT, спорт және мәдениет салаларында ерекше дағдылары бар шетелдік және этникалық қазақтар үшін арнайы мүмкіндіктер жасалды. Сонымен қатар, шетелдік компанияларда қашықтан жұмыс істейтін адамдарға арналған Nomad Visa іске қосылды.
Бір қызығы, Қазақстанда әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында елден кету керек деген әңгімелер жиі айтылады. Бірақ статистика мүлде басқа нәрсені көрсетіп отыр. Яғни, елден кетушілер азайып, керісінше, келушілер көбейіп жатыр. Бұл жаңа көші-қон тенденциясы әлі халықтың сана-сезіміне сіңе қойған жоқ. Уақыт өте келе бұл да қалыптасып, таныла бастайды. Қазір көпшілік өткенге қарап, бұрынғы естеліктермен немесе шетелге көшіп кеткен таныстарының әңгімесімен ғана шектеліп отыр. Ал әлем өзгеріп жатыр.