💰 Экономика

Қазақстан қаржы заңнамасын реформалауға кірісті

Ұлттық банк ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қаржы нарығын кешенді түрде реформалауға дайындалып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Оның айтуынша, банк секторының негізгі капиталы нақты экономикаға бағытталуы тиіс. Қазіргі таңда банктердің өтімділігі көбінесе тұтынушылық несие мен Ұлттық банктің қысқа мерзімді құралдарына жұмсалып отыр. Жаңа реформалар осы үрдісті өзгертіп, қаражатты кәсіпкерлік жобаларға тартуға ынталандырады.

Салықтық ынталандыру. Жаңа Бюджет кодексі аясында салықтық жеңілдіктер қарастырылып, корпоративтік несиелендіруді кеңейту көзделіп отыр. Бұл шаралар ақша-кредит және пруденциялық реттеумен бірге бизнес үшін тартымды қаржылық орта қалыптастырмақ.

«Біз еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының реформаларын жүйелі түрде іске асырамыз. Ұлттық банк ұзақ мерзімді, сапалы және инклюзивті экономикалық өсуге, азаматтардың әл-ауқатын қолдауға жағдай жасау мақсатында баға және қаржы тұрақтылығына баса назар аударады», деді Тимур Сүлейменов.

Биыл Ұлттық банк Қаржы агенттігімен бірлесіп қаржы заңнамасын реформалау бойынша кешенді құжат әзірлеуде. Онда банк секторы, төлемдер, бағалы қағаздар нарығы, сондай-ақ цифрлық қаржы активтері қамтылмақ. Сонымен қатар ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын енгізу және төлем жүйесін дамыту да басты басымдық ретінде белгіленген.

Экономистердің пікірінше, бұл реформалар қаржы жүйесінің икемділігін арттырып, капиталдың нақты секторға құйылуына жағдай жасайды. Нәтижесінде экономикалық өсімнің сапасы артып, қаржы нарығы халықаралық стандарттарға бейімделе түспек.

Барлық жаңалық