Қоғам

Қазақстан халқы әрбір екінші көлікті несиеге алып жатыр

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстандағы автонесие нарығы айтарлықтай жанданды. Ел тұрғындары жаңа көлік сатып алғанда, қолма-қол төлемнен бұрын банктер ұсынатын несиелік ұсыныстарды жиі таңдауда. Қаржы саласы сарапшыларының айтуынша, бүгінде тіркеліп жатқан әрбір екінші көлік несиеге рәсімделуде, деп жазады Ozgeris.info.

Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда 213 мың автонесие рәсімделген. Жалпы сома 483 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36%-ға көп. Қаржылай көрсеткіш бойынша да 22%-дық өсім бар. Сарапшылар бұл серпінді өсімді автосалондардағы жеңілдіктер, автодилерлер мен банктердің бірлескен бағдарламалары және несиені онлайн рәсімдеу мүмкіндігінің жеңілдеуімен байланыстырады.

Бүгінде автонесие арқылы алынатын көліктің орташа құны – 6,4 млн теңге. Бұл  өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары. Сонымен қатар көлік бағасының өзі де өсіп келеді: жылдық өсім  4%. Несие алушылардың басым бөлігі 3-10 млн теңге аралығындағы көліктерді таңдаған. Өткен жылы мұндай көліктер үлесі 66,4% болса, биыл бұл көрсеткіш 75,2%-ға жетті. Демек, қазақстандықтар арзан әрі қолжетімді көліктерге көбірек назар аудара бастаған.

Автонесие бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 14,8%. Бұл базалық мөлшерлемеден де, тұтынушылық несиелердің орташа деңгейінен де төмен. Алайда несие рәсімдеу жеңілдегенімен, мақұлдану көрсеткіші айтарлықтай төмен. Мысалы, автонесие алуға өтініш білдіргендердің тек 15,7%-ы ғана мақұлданған. 

Сондай-ақ автонесие нарығында қарызды уақтылы қайтару деңгейі жоғары. Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздардың үлесі небәрі 3,2%-ды құрап отыр. Сарапшылар мұндай көрсеткішті екі фактормен байланыстырады: автонесиенің кепілмен рәсімделетіні және көлікті табыс табу мақсатында пайдаланатын азаматтардың көбеюі.

Алайда көлік нарығында ішкі өндіріс төмендеп барады. 2025 жылдың басынан бері елімізде небәрі 32,3 мың көлік өндірілген. Бұл – алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Соның салдарынан тіркелген көліктер арасындағы отандық өнім үлесі 10%-дан 8%-ға дейін төмендеген. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» мәліметіне сүйенсек, мамыр айында Hyundai мен Chevrolet көліктеріне деген сұраныс ерекше артқан.

Барлық жаңалық