Қазақстанда соңғы жылдардағы ең резонансты істердің бірі халықтың жағасын ұстатты. Ірі банк қызметкерлерін қамтыған ұйымдасқан қылмыстық топ бес жыл бойы әлеуметтік осал азаматтарды пайдаланып, олардың атына миллиардтаған теңге несие рәсімдеп келген. Прокуратураның мәліметінше, бұл қылмыстың көлемі мен цинизмі қоғамды дүр сілкіндірді. Яғни, кейбір топтар заңнан мүлде қорықпайды, ал бұл жазасыздықтың белгісі. Неге мемлекет мұндай қылмыстарға тоқтау салмайды? Неге үкімет тек қарапайым халықты бақылауды біледі? Осы ретте қоғам қазаққа Қытайдың заңы керек дегенді жаппай жазып жатыр. Себебі қылмыстық топтар мен заңсыздық ол қоғам қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер. Халықтың заңға сенімі жоғалса, мемлекет іргесі де шайқалады. Сондықтан Ozgeris.info тілшісі әділдік пен құқықтық тәртіптің ара жігін айқындап көрді.
Әлеуметтік осал азаматтардың құқығын таптағандар
25 адамнан тұратын топ 348 азаматты алдап, олардың атына жалпы сомасы 3,7 млрд теңге несие рәсімдеген. Орташа есеппен әрбір жәбірленушінің атына 10,5 млн теңге көлемінде несие тіркелген. Алынған қаражатқа қылмыскерлер Алматыдан пәтерлер, жер телімдері мен қымбат автокөліктер сатып алған. Мемлекет кірісіне тәркіленген мүліктің жалпы құны – 2,7 млрд теңге.
Топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс процестің қатысушыларына танысу үшін берілді. Заңгерлердің айтуынша, бұл әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігіне, яғни, ұйымдасқан топпен аса ірі көлемде жасалған алаяқтыққа сәйкес келеді. Жаза - 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру ғана. Дегенмен бес жыл бойы жасалған, жүздеген жәбірленушісі бар қылмысқа мұндай жаза жеткілікті ме деген сұрақ туындайды.
Халық аң-таң. Қазір мәселе тек алаяқтық бойынша айтылып жатыр. Ал адамдарды ұрлау фактісі қайда қалды, деп дабыл қаудға халық. Бұл сұрақтарға жауап жоқ.
Қылмыс қалай жүзеге асқан?
Қылмыстық топ баспанасыз немесе қиын жағдайдағы адамдарды тауып, оларды «адам кейпіне» келтірген соң, олармен бірге әртүрлі банктердің бөлімшелеріне барып, барынша көп несие рәсімдеген. Бұл жерде банктердің кейбір қызметкерлерінің қатысуынсыз мұндай схеманың жүзеге асуы мүмкін емес. Жалған табыс пен зейнетақы аударымдары туралы анықтамалар да қолданылған.
Қылмыскерлер айласын жүзеге асырып, еесие рәсімдеген соң оларды сол қарызымен қалдырып кеткен. Тәркіленген мүлік пен ақшаның банктердің алдындағы қарызды жаппайды. Заңгерлер жәбірленушілерге үкім заңды күшіне енген соң азаматтық тәртіпте мәмілені жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінуге кеңес береді. Ал ең дұрысы - банктердің өздері процесте белсенді қатысып, мәмілелерді жарамсыз деп тануы.
Бұл жалғыз оқиға емес. Ақмола облысында тағы бір істе 200-ге жуық адам 1,7 млрд теңгеге зардап шеккен.
Статистика не дейді?
2024 жылы интернет-алаяқтық фактілері бойынша 22 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Мұндай қылмыстардан азаматтарға келтірілген шығын шамамен 45,5 млрд теңгені құраған. Ал өтелген шығын көлемі айтарлықтай аз – жоғалған соманың 40–50%-дан төмен ғана. 2025 жылы Бас прокуратураның дерегінше алғашқы айларда 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген, бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 22%-ға көп. Тағы бір дереккөзге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы 5 айында 17 909 адам алаяқтықтан зардап шеккен, олардың ішінде зейнеткерлер мен кәмелетке толмағандар да бар.
Алаяқтар rөбінесе «банктің» немесе «мемлекеттік орган қызметкерлерінің» атынан қоңырау шалып, жеке деректер мен кіру кодтарын сұрау қолданады. Онлайн-платформаларда алдау жиілеп кеткен. Олар бағасы төмендетілген жалған хабарландырулар арқылы жеткізілмейтін тауарға алдын ала төлем сұрайды. «Инвестициялық» схемалар да жылдам табысқа уәде беріп, адамдардың несие алып, салым жасауына итермелейді, бұл оларды одан сайын осал етеді.
Зейнеткерлер жиі алаяқтардың құрбанына айналады. Алаяқтыққа тап болғандардың көпшілігі зейнеткерлер. Қарт адамдарға телефон арқылы «зейнетақыны қайта есептеу» немесе басқа төлемдер сылтауымен жасалатын алаяқтық күшейгені туралы да деректер бар.
Бас прокуратура Ішкі істер министрлігі және басқа да ведомстволармен бірлесе отырып, киберқылмыспен күрес шараларын күшейтті. Атап айтқанда, жедел желілер, ағарту науқандары, азаматтарға арналған ақпараттық кеңестер ұйымдастыруда. Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бап енгізілді, ол өз төлем құралдарын (карта, шот) үшінші тұлғаларға сыйақы үшін беретін «дропперлерді» жауапкершілікке тартады. Сондай-ақ елеулі сомадағы мүліктерге тыйым салынып, кейбір істер бойынша заңсыз шығарылған активтер мемлекет кірісіне қайтарылды.
Бұл ретте сарапшылар жәбірленушілерге кеңес береді. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе сіздің атыңызға несие рәсімделсе:
-дереу полицияға (РОВД) ҚР ҚК 190-бабы бойынша арыз жазыңыз;
-жәбірленуші ретінде танылуды талап етіңіз;
-несие рәсімделген банкке немесе МҚҰ-на ресми құжаттармен жүгініңіз.
Егер алаяқтар Қазақстаннан тыс жерде болса, істің ашылуы мен ақшаны қайтаруға үміт аз. Соттар банктерді қолдайды және қылмыстық соттың үкімін талап етеді, ал ол болмауы мүмкін.
Банктер заң жүзінде өте жақсы қорғалған. Тек деректердің таралуы немесе қызметкерлердің алаяқтыққа қатысуы жағдайында ғана қиындықтар туындайды. Бірақ мұндайда да банктер көбіне жауапкершілікті клиенттерге артады.
Егер азаматтың ерікті түрде несие алудан бас тарту функциясы қосылған болса, бірақ несие бәрібір рәсімделсе, қаржылық тәуекелді банк көтереді. Мұндай жағдайда несиені жою рәсімі әлдеқайда жеңіл. Егер қаражат ағымдағы немесе депозиттік шоттардан шешіліп алынса, алаяқтықты дәлелдеп, қаражатты қайтаруға болады — банк оларды өтеуге міндетті.
Өз деректеріңізді, парольдеріңізді, кодтарыңызды ешкімге бермеңіз, тіпті ол адам туыстарыңыздан да жақын болса да. Қазіргі заманда әрдайым сақ болып жүру аса маңызды.