Жаңалықтар

Қазақмыс тоқсандық нәтижелерді қорытындылады: жаңартылған басқару тобының алғашқы нәтижелері

Қазақмыс тоқсандық нәтижелерді қорытындылады: жаңартылған басқару тобының алғашқы нәтижелері

«Қазақмыс» корпорациясы биылғы жылдың алғашқы үш айындағы атқарылған жұмыстарды саралап, дамудың жаңа белесіне қадам басты. Акционер Нұрлан Артықбаев пен Бақылау кеңесінің алдында өткен жиында компанияның жаңарған басшылық құрамы маңызды көрсеткіштерді жария етті. Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі бастаған топ өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік салаға түбегейлі бет бұрғанын мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Қазіргі таңда корпорацияның басқару жүйесіне соны серпін берілді. Акционерлік құрылым жаңарғаннан кейін инвестициялық тәртіп темірдей қатайып, жөндеу жұмыстары мен жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға басымдық беріле бастады. Бұл өзгерістер өндірістің ішкі сапасына тікелей әсер етіп отыр. Жаңа басшылық ұжым алдындағы барлық уәделердің мүлтіксіз орындалатынын жеткізді. Ұжымдық шарт аясында тоқсандық сыйақылар мен әлеуметтік жеңілдіктер бұрынғыдай сақталады. Ақпан айында табыс көлемі индекстеліп, жұмысшылардың қалтасына түсті, ал сәуір айында кезекті сыйақы төлемдері берілмек.

Өндіріс алаңдарындағы қауіпсіздік мәселесі айтарлықтай жақсарды. Биылғы тоқсанда адам өліміне соқтырған оқыс оқиғалар орын алған жоқ. Ал жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға төмендеген. Мұндай нәтижеге жету үшін басшылық құрам наурыз айында 950 мәрте өндіріс орындарын аралап, жағдайды көзбен көрді. Жұмыс орындарындағы тазалық пен жайлылықты арттыру үшін 3,8 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қадам қордаланып қалған тұрмыстық түйткілдерді жедел шешуге мүмкіндік берді.

Әлеуметтік жауапкершілік те назардан тыс қалмады. Алғашқы тоқсанда 13 отбасы жаңа баспанаға ие болса, жыл соңына дейін тағы 173 қызметкерді үймен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар, корпорация Ұлытау, Абай, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен ортақ келісімге қол қойды. Өңірлердегі мектептерді, ауруханалар мен спорт нысандарын салуға және инфрақұрылымды жаңартуға 44,6 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.

Техникалық қиындықтарға қарамастан, өндіріс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Кен құрамындағы мыс мөлшері жоспарланғаннан 3,7 пайызға артық болып, 68,6 мың тоннаға жетті. Катодты мыс өндірісі де өсім көрсетіп, 96,6 мың тоннаны құрады. Компанияның болашағын бағамдайтын геологиялық барлау жұмыстарының арқасында мыс қоры 132,2 мың тоннаға молайды.

Бұған дейін техника бөлшектерінің тапшылығы мен жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуі біраз қолбайлау болған еді. Осы мәселені шешу үшін 30 бірлік жерасты техникасы жаңасына алмастырылатын болды. Тек үш айдың ішінде мақұлданған инвестиция көлемі 245 миллион доллардан асып жығылды. Бұл қаржы жабдықтарды жаңартуға, қауіпсіздікті күшейтуге және жаңа жобаларды іске қосуға жұмсалады. «Қазақмыс» бүгінде тек сандарды қуаламай, жұмысшының қауіпсіздігі мен тиімділікті ұштастырған жаңа модельге көшіп келеді.

Барлық жаңалық