Желіде танымал асаба Хан есімімен белгілі азамат пен оның жұбайына қатысты жеке видеолардың таралуына байланысты жаңа мәлімдеме пайда болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бұл іске күдікке ілінген 16 жастағы мобилографтың анасы алғаш рет көпшілікке шығып, баласының кінәсіз екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлына тағылған айып негізсіз.
“16 жасар балам таратқан жоқ, баламның тағдыры не болады?”, - дейді ол.
Анасының сөзінше, жасөспірім жұмыс барысында жұмыс берушінің телефонынан жабық видеоларды ұрлауы мүмкін емес. Сонымен қатар, мобилографтың еңбекақысы толық төленбегенін де алға тартты.
“Балама көмек керек, оның болашағы не болмақ, басымды қайда барып ұрарымды білмей отырмын, кімнен көмек сұрасам екен”, - дейді шарасыз күйдегі ана.
Аталған жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділері мен қолданушылар бұл іске әділ тергеу жүргізіліп, кәмелетке толмаған жасөспірімнің құқығы қорғалуы тиіс екенін айтуда.
Қазіргі уақытта ресми органдар тарапынан нақты қорытынды жарияланған жоқ. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.