«Қазақмыс» компаниясы өндіріс басындағы қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау бағытында кезекті маңызды қадамды жасады. Компанияда жарияланған «Қауіпсіздік жылы» аясында «Нұрқазған» кенішінде конвейер операторларына арналған арнайы қорғаныс кабина-капсулалары қолданысқа енгізіле бастады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту мақсатында қолға алынған бұл жоба «Нұрқазған» кенішінің солтүстік порталында сәтті сынақтан өтті. Өлшемі 2300х1800х1500 мм болатын оқшауланған қорғаныс кабиналары жүк тиеу-түсіру конвейеріндегі операторлардың жұмыс орнын сыртқы зиянды факторлардан сенімді қорғайтын болады. Бұл құрылғы тек техникалық жабдық қана емес, жұмысшының өмірі мен денсаулығын сақтайтын нағыз «қорған» іспеттес.
Капсуланың басты ерекшелігі – оның саңылаусыздығы мен жоғары қорғаныс қабілетінде. Ол операторды өндіріс орнындағы шаң мен шудан ғана емес, тау-кен массасы кесектерінің құлауынан болатын жарақаттардан да қорғайды. Ең бастысы, кабина ішіндегі ауа тазалығы мен қауіпсіздігі оператордың ауысым бойы респираторлық маска тақпай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл тыныс алу органдарына түсетін жүктемені азайтып, еңбек сапасын айтарлықтай жақсартады.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ нәтижелері көрсеткендей, жаңа кабиналар жұмыс орнындағы санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартып, жарақат алу ықтималдығын нөлге жақындатқан. Шынайы өндірістік ортада тиімділігін дәлелдеген бұл әдіс жақын арада компанияның өзге де учаскелеріне кезең-кезеңімен енгізілмек.
«Қазақмыс» үшін өндірістік қауіпсіздік — тек жаңа технологияларды қолдану емес, ең алдымен әрбір қызметкердің қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру. «Қауіпсіздік жылы» аясында атқарылып жатқан бұл жұмыстар адам капиталын сақтау мен дамытудың басты басымдық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.