Қазақстанда мерзімді әскери қызметтен жалтарған азаматтар қатаң жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде қаржылай жаза арқалауы мүмкін. Бұл туралы қала әкімінің қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Ержан Рымбек мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның сөзіне сүйенсек, Отан алдындағы борышын өтеуден қасақана қашқан шақырылушыларға заң аясында қатаң шара қолданылады. Әскерден жалтарғаны үшін салынатын айыппұл көлемі 4,5 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл шара жастардың әскери міндетке деген жауапкершілігін арттыру мақсатында қабылданып отыр.
Сонымен қатар, жауапкершілік тек әскер жасындағы азаматтарға ғана емес, олар оқитын немесе жұмыс істейтін мекемелерге де жүктеледі. Заңға сәйкес, кәсіпорындар, түрлі ұйымдар мен оқу орындарының басшылары әскерге шақырылуға тиіс жұмысшылары мен студенттері туралы мәліметті қорғаныс істері жөніндегі органдарға уақытылы ұсынуға міндетті.
Егер мекеме немесе оқу орны басшылығы бұл талапты бұзып, қажетті ақпаратты бермесе, оларға да әкімшілік жаза қолданылады. Мұндай құқық бұзушылық үшін лауазымды тұлғаларға 180 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуге тура келеді. Қорғаныс саласының өкілдері барлық азаматтар мен мекеме басшыларын заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.