💰 Экономика

Қашағанда өндірілген 1 млрд баррель не әкеледі?

Қашағанда өндірілген  1 млрд баррель не әкеледі?


Қазақстан энергетикасы үшін аса маңызды оқиға тіркелді – Қашаған кен орнынан өндірілген мұнай көлемі 1 миллиард баррельге жетті. Мұнай өндірісіндегі мұндай көрсеткішке жету үшін тоғыз жыл бойы үздіксіз жұмыс, тыңғылықты қауіпсіздік жүйесі, күрделі табиғи жағдайларға бейімделген инжиниринг және елдік табандылық қажет болды, деп жазады Ozgeris.info.

Қашаған – бір кездері мүмкін еместей көрінген идеяның шындыққа айналған мысалы. Атыраудан 80 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінің солтүстігіндегі таяз әрі суы қататын бөлігінде орналасқан бұл кенішті игеру бір кездері тым күрделі әрі тәуекелді деп саналды. Бірақ 1997 жылы Қазақстан мен алпауыт халықаралық мұнай-газ компаниялары арасында жасалған Өнім бөлісу туралы келісім осы жобаның тағдырын өзгертіп жіберді. Бүгінде жобаға «ҚазМұнайГаз», «Eni», «Shell», «ExxonMobil», «TotalEnergies», CNPC мен Inpex компаниялары қатысып отыр. 

Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясының басқарушы директоры Джанкардо Руюдің айтуынша, бұл меже «өткен жолды бағалап, болашақ жетістіктерге бағыт беретін кезең». Расымен де, бұл 1 миллиард баррель  өткен жолдың салмағын дәлелдеп тұрған символдық шекара. Бірақ одан да маңыздысы болашақтың қалай құрылатыны.

– Қазақстан үшін Қашағанның мәні енді тек өндіру көлемімен емес, оның ұлттық экономикаға, аймақтық даму мен кадрлық әлеуетке қаншалықты үлес қоса алатынымен өлшенеді. 1 миллиард баррель – тек жер қойнауынан алынған көмірсутек қоры емес, технологиялық тәртіп, экологиялық жауапкершілік және геосаяси салмақтың тоғысы. Қашаған мұнайының құрамында күкіртсутегі мен көмірқышқыл газы көп. Мұнай қабаты теңіз түбінен 4200 метр тереңдікте орналасқан, қысымы өте жоғары. Климаты қыста –30°C-қа дейін түсіп, жазда +40°C-қа көтеріледі. Су тереңдігі небәрі 3-4 метр, ал жылына бес ай бойы теңізді мұз басып жатады, – дейді Д. Рую.

Шынында осындай ахуалда жұмыс істеу  қарапайым инженерлік шешімдермен жүзеге аса қоймайтын, жоғары технология мен ұдайы инновацияны қажет ететін үдеріс.

– Қашаған – қазірдің өзінде ел қазынасына миллиардтаған теңге салық пен рента әкеліп отырған жоба. Жүздеген отандық сервистік компания мен мыңдаған инженер-маман осы жобаның айналасында жұмыс істейді. Экономикалық әсері  тікелей де, жанама да. Бірақ бұл жеткілікті ме? Әлбетте, жоқ. Алдағы кезеңде Қашағанның қазақстандық үлесін арттыру, экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен логистикалық тәуелділікті азайту сияқты стратегиялық мәселелер өзектілігін жоғалтпайды, – дейді директор.

Қазіргі геосаяси жағдайда Қашағанның маңызы тіптен арта түсіп отыр. Еуропа Ресей мұнайына тәуелділіктен арылғысы келсе, Орталық Азия мен Қытай өңірдегі тұрақты энергия көзін іздеп отыр. Қазақстан осы екеуінің арасында тұр.

– Қашаған – дәл осы тепе-теңдікті ұстап тұруға мүмкіндік беретін тетік. Яғни бұл жоба енді тек мұнай көзі емес, дипломатиялық артықшылық. Сондықтан да Қашаған – экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік контексінде қаралатын деңгейге жетті. Сонымен қатар, экология мәселесі ешқашан шеткері қала алмайды. Каспийдің солтүстік бөлігінде сирек кездесетін флора мен фауна бар. Бекіре тұқымдас балықтар, су құстары, батпақты аймақтар барлығы теңіздің болмысын сақтап қалуды талап етеді, – деп түйіндеді сөзін Джанкардо.

Барлық жаңалық