Мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар Қазақстандағы күкіртке байланысты дауда жеңіске жетті. Бұл туралы ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қашаған кен орнын игеріп жатқан консорциум экологиялық айыппұлға қатысты істі өз пайдасына шешті. Егер Қазақстан жеңгенде, айыппұл сомасы 4 млрд доллардан асар еді. Бұған дейін қазақстандық тарап консорциумнан 2,3 трлн теңге (сол кездегі бағаммен 5,1 млрд доллар, қазіргі бағаммен шамамен 4,2 млрд доллар) төлеуді талап еткен.
2023 жылдың сәуірінде Қазақстан Қашаған жобасын іске асыру кезінде болған кідірістер, техникалық ақаулар және артық шығындар үшін 15 млрд доллар көлемінде өтемақы өндіруді талап етіп, халықаралық арбитражға жүгінген болатын. Кейін қосымша 138 млрд доллар көлемінде талап қойылды. Бұл сома елдің уәде етілген мұнай өндіру көлемінен түсетін табыстан айырылғанын көрсетеді. Қазіргі таңда Қазақстанның NCOC компаниясына қарсы арбитраждық талабы 160 млрд долларға жетті.
Кен орнын NCOC консорциумы игеріп жатыр. Оның құрамына «ҚазМұнайГаз», Shell, Total, Eni, ExxonMobil, CNPC және Inpex сияқты ірі компаниялар кіреді. Жобаға жалпы 60 млрд доллардан астам қаржы салынған. Eni, Shell және «ҚазМұнайГаз» компаниялары Chevron және «Лукойлмен» бірге 27 млрд доллардан астам инвестиция құйған.
2025 жылдың наурызында консорциум Қазақстан үкіметімен болған екі арбитраждық істі өз пайдасына шешті.