📰 Сарапшылар пікірі

Қаржы нарығы қақ бөлінді

Төлем мәдениеті тез өзгерді. Жұрт онлайнға көшті, ал бизнес қолма-қол ақша таппай әбігерге түсті. Бір жақта цифрлық төлем рекорд жаңартып тұр, екінші жақта айналымда қағаз ақша азайды.

Онлайн төлем орнығып алды

Ranking.kz дерегінше, елімізде төлем карталарының саны 83 млн-ға жеткен. 10 жыл бұрын адам басына бір карта да жетпейтін, ал қазір әротандасымызда орта есеппен 4 карта бар. Онлайн төлем бұрынғы әдет емес, күнделікті қаржы мәдениетіне айналды. Карталар көбейген сайын төлем жасау тәсілі де өзгерді. Биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында елдегі қолма қолсыз төлемнің жалпы көлемі 135,2 трлн теңгеге жетті. Бұл өткенжылмен салыстырғанда 15,5%-ға жоғары. Барлық ақша айналымының 87% дәл осы қолма қолсыз операциялардың үлесінде. Ал қолма-қол ақша шешу 13 % ғана болды.

«Онлайн төлем бүгінде басты қаржы арнасынаайналды. Барлық операцияның 80% интернет пен мобильді қосымша арқылы орындалды. Яғни, 108,3 трлн теңге онлайн жолмен өткен. QR код арқылы жасалған төлемдер 10,3%, ал POS терминалдар үлесі 9,6% деңгейінде қалды. Бұл әдеттің қалыптасқанын білдіреді. Халық төлем жасауда телефонға толық сенеді. Төлем жасау мүмкіндігі кеңею үшін инфрақұрылым да бірге дамып келеді. 2025 жылдың 1 шілдесінде елде 910,7 мың кәсіпкер төлем қабылдаған. Олар 1 мыңнан аса сауда нүктесінде қызмет көрсетеді. Онлайн банкинг те артта қалған жоқ. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, банктердің онлайн сервистерінде 27,1 млн белсенді қолданушы тіркелген. Бұл бір жыл ішінде 12% өсім берген. Осының бәрі кездейсоқ үдеріс емес. Мемлекет қаржы секторын жаңғырту үшін бірнеше стратегиялық құжат қабылдады. Open API мен Open Banking жүйесін дамытуға арналған концепция 2023-2025 жылдар аралығын қамтиды», деп жазылған зерттеуде.

Нарықта қолма-қол ақша азайды

Цифрлық технология қаржы саласынан ойып тұрып орын алғаннан кеййін, елімізде кейінгі кезде бір ерекше жағдай байқалып отыр. Көзбен көріп, қолмен ұстайтын қағаз ақша азайған. Әдеттегі айналымдағы қаражат жоқтың қасы. Кәсіпкерлер бір-біріне қарапайым төлемді де қиындықпен жасайтын болды. Осы құбылысты консалтинг саласының маманы Дамир Мусин анық айтып берді.

«Қазір кәсіпкерлерді ең көп аландататын нәрсе салық емес. Тексеріс емес. Бәсеке де емес. Ең үлкен мәселе – компанияларда ақша таусылып бара жатыр. Ликвидті қаржы жоқ. Соның кесірінен мәмілелер кейінге қалып жатыр. Төлемдер жүрмей жатыр. Касса босап қалды. Ең жаманы, бартер қайта оралды. Бұл жағдай елімізде соңғы рет 1990 жылдары болған еді. Енді сол көрініс тағы көрініс тауып жатыр», деді ол. 

Экономикада ақша азайды. Әсіресе бизнесте, айналымда жүретін қолма-қол ақша, яғни, кэш қатты тапшы. Кәсіпкерлер ақша жоқ болғандықтан мәмілелерді кейінге қалдырып, төлемдерді кешіктіріп отыр. Базарда да «қағаз ақща жоқ» деген сөз жиілеп кеткені де сондықтан.

«Базалық мөлшерлеме – 18%, депозиттердің табысы – 16-18%. Яғни, адам кәсіп ашқанша, тәуекелге барғанша, ақшасын банкке салып, тыныш жүре берген тиімді. Ал өндірістегі табыс шамамен 10-15% ғана. Зауыт ұстап, 200 адамды жұмыспен қамтып, станок жөндеп әуреленгенше, ақшаңды депозитке салған жеңіл. Қазір кәсіпкерлердің көбі осы жолды таңдады. Сондықтан ақша айналымнан банктерге кетіп, бизнеске жетпей қалды. Осылайша қолма-қол ақшаның өзі тапшы ресурсқа айналды. Ақшасы бар компания мықты, ақшасы жоқ компания әлсіреп, нарықтан түсіп қалуы мүмкін», деп түсіндірді Д. Мусин.

Демек елімізде кэш тапшылығының бірнеше себебі бар. Біріншісі – базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Екіншісі – экономикадағы жалпы ақша көлемінің аздығы. Мысалы, біздің экономикадағы ақша деңгейі ІЖӨ-нің 36-39% мөлшерінде тұр. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 55-60 %, Еуропада 100%, АҚШ-та 90% шамасында. Үшінші себеп – халықтың қолындағы кэш көбейгенімен, бизнеске жетпей отыр. Адамдар ақшаны депозитте ұстайды немесе жастықтың астына тығып қояды. Ал компаниялар қолма-қол қаражатқа мұқтаж.

Түсінгеніміздей, елімізде қолма-қол ақшаны банкке тапсыру кейде ауыр міндет болып кеткен. Сұрыптау, әр номиналды бөлек дайындау, тозығы жеткенін ажырату сияқты талаптар көп уақыт алады. Енді Ұлттық банк осы үрдісті оңтайландыруға кірісті. «Ашық НҚА» порталында жаңа ережелер жобасы талқылауға ұсынылды. Жаңа ұсыныс бойынша бұл талап алынып тасталады. Енді компаниялар ақшаны ешбір сұрыптаусыз, сол күйінде тапсыра алады. Яғни, кассадағы түсімді қалай бар, солай өткізеді. Монетаға да жеңілдік жасалады. Бұрын монетаны арнайы тәртіппен орап өткізсе, енді «транспорттық пакет» деген жаңа, қарапайым қаптама енгізіледі. Бұл монетаны жинау, сақтау, жеткізуді оңайлатады. Сонымен бірге құжаттардағы ескі нормалар жаңартылып, қазіргі заңдарға сәйкестендіріледі.

Барлық жаңалық