Белгілі қазақстандық қаламгер, көсемсөз шебері, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Қайым-Мұнар Табеев өмірден өтті.
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді.
"Министрлік көрнекті қаламгер, көсемсөз шебері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Қайым-Мұнар Табеевтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады.
Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып, ел руханияты жолында қалтқысыз қызмет етті. Оның қаламынан туған мақалалары, Желтоқсан оқиғасы туралы зерттеулері, сондай-ақ ұлттық әдебиетіміздің қазынасын байытқан шығармалары ел жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.Ұлтына адал қызмет еткен абзал азаматтың жаны жәннатта, иманы саламат болғай", -делінген министрлік хабарламасында.