Қарағанды облысы

Қарағанды облысында жол апатынан жеті адам қаза тапты

Қарағанды облысында ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан жеті жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды облыстық ozgeris.info сайты informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Оқиға 5 шілде күні Балқаш қаласына бағыт алған Kia Sedona көлігі Ақшатау елді мекеніне жетпей жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа соғылған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші басып озу кезінде жол белгілерін елемей, жөндеу аймағына, одан кейін қоршауға соғылған. Соқтығыс салдарынан көлік өртеніп кеткен.

 

Жол апаты салдарынан жеті жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Жүргізуші мен бір жолаушы аман қалып, медициналық мекемеге жеткізілді.

 

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Қарағанды облысы ПД өкілі Азамат Ахметовтың айтуынша, жол ережесін сақтамау, жылдамдықты асыру және шаршаған күйде көлік жүргізу – осындай қайғылы оқиғаларға басты себеп болып отыр. Полиция тарапынан алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанына қарамастан, кей жүргізушілер қауіпсіздік талаптарын ескермеуде.

Барлық жаңалық