20 қазаннан бастап Қазақстанда жеке пайдалану мақсатында көлік құралдарын сырттан әкелуге қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің (ЕЭК) 2025 жылғы 23 мамырдағы №45 шешіміне сәйкес енгізіліп отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Енді көлік құралдарын тек ЕЭК коллегиясының 2017 жылғы 30 маусымдағы №74 шешімімен бекітілген тізімге енгізілген түрлері бойынша ғана әкелуге рұқсат етіледі.
Шектеулер жеңіл автокөліктерге (медициналық арнайы көліктерден басқа), квадроциклдер мен қарда жүретін көліктерге, жолсыз жерлерге арналған техникаларға, сондай-ақ мотоциклдер, мотороллерлер мен мопедтерге қатысты. Бұған қоса, 12 орынға дейінгі автобустар мен жалпы салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері де белгілі СЭҚ ТН кодтары бойынша тізімге енгізілген.
Барлық әкелінетін көлік құралдары «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке сай болуы керек. Бұл талапқа сәйкестікті растайтын негізгі құжат – көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (СБКТС).
Егер СБКТС болмаса, жеке тұлғалар көлікті кедендік рәсімдеуден өткізе алмайды, электрондық паспорт (ЭПТС) ала алмайды, утилизациялық алым төлей алмайды және ең бастысы, көлікті тіркеуге қоя алмайды.
Демек, бекітілген тізімге кірмейтін кез келген автокөлікті елге әкелу мүмкін болмайды. Мұндай көліктерді рәсімдеу, кедендік тазарту немесе тіркеу жүргізілмейді.
Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы техникалық талаптарды біріздендіруге және сертификаты жоқ көліктердің импортын шектеуге бағытталған.