💰 Экономика

Пәтер бағасының өсуі уақытша баяулады

2025 жылдың басынан бері Қазақстандағы тұрғын үй бағасы тоқтаусыз өсіп келеді. Бірақ шілде айында бұл қарқын сәл бәсеңдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Halyk Finance сарапшыларының есебінше, қаңтар-шілде аралығында жаңа салынған үйлердің бағасы орташа есеппен 7,1%-ға, ал ескі үйлердің бағасы 6,3%-ға қымбаттаған.

Жаңа үйлер нарығында көш басында Павлодар тұр. Мұнда жыл басынан бері жаңа пәтерлер 18,9%-ға өскен. Дегенмен, шілде айында баға өзгермеген. Пәтер жалдау бағасы да аса қатты секірмей, жеті айда бар болғаны 2,3%-ға көтерілген. Сарапшылардың айтуынша, бұл уақытша тыныс алу кезеңі, жыл соңына қарай баға қайтадан жедел өсуі ықтимал.

Ескі үйлер нарығында жағдай әркелкі. Мысалы, Қарағандыда баға аздап төмендеп, 0,1%-ғакеміген, Қонаевта 1%-ға арзандаған. Бұл аймақтарда тұрғын үйге сұраныс біршама төмендеген болуы мүмкін. Ал Алматыда керісінше ескі пәтерлердің бағасы мықты қарқынмен өсіп, 17%-ғақымбаттаған. Бұл қаладағы халық санының артуы, көші-қон және инвестициялық сұранысқа байланысты.

Ел бойынша ескі үйлердің орташа өсімі 6,3%. Бірақ мамандар мұны уақытша құбылыс деп бағалап отыр. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, инфляция және сұраныстың жандануымен жыл соңына қарай баға қайтадан жоғарылауы мүмкін.

 

 

 

 

 

Барлық жаңалық