Жаңалықтар

"Өлтіруді жоспарлап келген": Нұрай Серікбай ісі бойынша жаңа деректер айтылды

"Өлтіруді жоспарлап келген": Нұрай Серікбай ісі бойынша жаңа деректер айтылды

Шымкент сотында қоғамда резонанс тудырған марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс қарала бастады, деп хабарлайды  ozgeris.info сайты.

Телеарнаның мәліметінше, 23 шілдеде Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдыңғы сот отырысына сырқаттанып қалғанына байланысты қатыса алмаған айыпталушы кеше алғаш рет сот алдына келген.

Алдын ала тыңдауда прокурор айыптау актісін оқыған. Оның мәлімдеуінше, Шерхан Аймахан Нұрайды бірнеше ай бойы аңдып, тыныштық бермеген.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, үш эпизодтан тұратын айыптау актісінің әрбір беті жантүршілерлік дерекке толы.

"Автотұраққа барып, автокөлік ішінде тұрған бір дана қара түсті пышақты қалтасына салып алған. Сол уақытта дүкенге шыққан жәбірленуші Серікбайды жолықтырып, саябаққа баруға ұсыныс жасаған. Алайда жәбірленуші Серікбай ұсыныстан бас тартып, үйіне қайтатынын айтқан. Сол себепті Аймаханда адам өлтіру ойы туындаған.

Содан қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ыңғайлы уақытты күтіп, жәбірленуші Серікбайды Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлердің ортасынан өтіп жатқан кезде күдікті Аймахан қалтасынан алдын ала дайындап әкелген пышағын шығарып, жәбірленуші Серікбайдың денесіне 5-6 рет пышақпен жарақат салған.

Күдікті оқиғаны көрген куәні байқаған соң қашып кеткен. Бірақ қасақана ойын жүзеге асыру мақсатында куәнің көзінше Нұрай Серікбайдың жатқан жеріне келіп, оған жалпы 35 рет дене жарақатын салған", - деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.

Прокурордың мәліметінше, оның 9-ы – шаншылып енген жарақат болса, 24-і – шаншылып кесілген жарақаттар. Салдарынан көп қан жоғалтқан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған.

Сондай-ақ прокурор Шерхан Аймаханның марқұмды былтыр қазаннан бастап тоқтаусыз аңдығанын жеткізді.

"Күдікті Аймахан сағат 10:50-ге дейін Серікбайды аңдыған. Бұл әрекеттер нәтиже бермегеннен кейін ол жерден кетіп қалған. Кейіннен күдікті жәбірленушіге 10 қазан сағат 19:26-дан 11 қазан сағат 18:41-ге дейін 70 рет қоңырау шалған. Бұдан кейін жәбірленуші Серікбай нөмерін ауыстырған. Күдікті Аймахан жәбірленушімен байланысқа шыға алмағаннан кейін, оны Алматыға оқуын жалғастыруға кетті деп ойлап, қайта Алматыға жәбірленушінің жалдамала үйіне барған", - деді ол.

Сонымен қатар сотта Шерхан Аймаханның Нұрайды қорқыту арқылы алып қашқаны да айтылған.

Кешегі отырыста судья сот процесі онлайн режимде көрсетілмейді деп қаулы еткен. Оның түсіндіруінше, мұндай шешім куәгерлердің бір-бірінің жауабын біліп қоймауы үшін қабылданған. Бұдан бөлек, сот алқабилердің қатысуынсыз өтеді.

"ҚК 125-1 бабының 1-бөлігінде, 115-1 бабында, 99-бап 2-бөлігі 5-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша айыпталып, сотқа берілген Шерхан Әлмаханұлы Аймаханға қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы алқабилердің қатысуынсыз 2026 жылғы 28 шілде сағат 10:00-ге Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданараладық сотына тағайындауға қаулы етеді", - деді судья Самидин Темірәлиев.

Судья сот отырысы аптасына екі рет өтетінін айтты. Келесі басты сот талқылауында оқиға куәгерлерінен жауап алынады.

Барлық жаңалық