Трансплантацияға мұқтаж науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда, донорлық ағзалар тапшы. Халық арасында ақпараттандыру жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмейді. Салдарынан жүздеген адам армандаған өміріне жете алмай көз жұмуда. Бұл ретте қара нарықтың жұмысы да тоқтамай тұр. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. Мәйіт донорлығы тиімді жол болғанымен, бұл ретте дүниежүзі бойынша тапшылық бар. Ал Қазақстанда мәйіт донорлығы енді ғана дамып келе жатыр. Биылғы жылдың көрсеткіштері қорқынышты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын 300-ден астам қазақстандық донорлық ағзаға уақытылы жете алмай көз жұмады. Статистика деректері бойынша, қазір елімізде 4000-нан аса адам күту парағында тұр. Науқастардың 91%-ы бүйрекке мұқтаж. Тірі донордың бүйрегін немесе бауырын алу да әзірге сирек жағдай.
Қазақстанның азаматы ағзалары немесе тіндері тірі кезінде және қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алады. Транспланттау үшін тірі кезіндегі донордан денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтін жұп ағзаның бірі, ағзаның бөлігі немесе тіні ғана алынуы мүмкін. Оны алмас бұрын донорды толықтай медициналық тексеруден өткізеді. Мәселен, бір кісінің бүйрегі ауырып, дәрігерге барды делік. Егер маман ол адамға бүйрек ауыстыру қажеттілігін көрсе, анализ тапсыртады. Сосын анализ қорытындысы бойынша комиссияға бағыттайды. Барлық нәтиже сараптамадан өткізген комиссия адамның ағзасын ауыстыру қажет деген шешімге келгенде ғана науқас өз туыстарының ішінен донор іздей бастайды. Егер, туыстарының ішінен донор табылса, ол толықтай тексеруден өтеді. Ең алдымен донор болатын адамның ағзасы жұпсыз жұмыс істей ала ма, жоқ па, соны анықтайды. Осыдан соң тірі донор мен реципиент құжаттары этикалық комиссияға жіберіледі. Комиссия олардың генетикалық байланыстары бар-жоғын анықтайды.
Есен Байленов есімді азамат 15 жыл бұрын жеңіл шағымдармен ауруханаға түскен. Екі жылдан кейін оған «гломерулонефрит» диагнозы қойылған. Яғни, екі бүйрегі де жұмыс істемей қалған. Салдарынан ауруы асқынып кеткен.
«Паратгормон деңгейі жоғарылап кетті. Сүйектер қисайып, бой қысқарады, аяқ-қол өзгереді. Адамдар жүре алмай қалады, бүкірейіп қаладыі», – дейді Есен.
Ол қажетті ағзаға алты жылдан кейін ғана қол жеткізген.
Өлгеннен кейінгі немесе мәйіт донорлығы
2020 жылдан бастап елімізде өлгеннен кейінгі донорлық жүйесі енгізілген. Арада бес жыл өтсе де, пациенттер мен сарапшылардың айтуынша, жүйе әлі де толыққанды жұмыс істемейді. Себебі адамдар өлгеннен кейін донор болудан қорқады. Діни наным-сенімдер мен көзқарас та кедергі. Егер адам тірі кезінде келісімін беріп немесе бас тартпаса, шешімді туыстары қабылдауға мәжбүр болады.
«Адам ‘иә’ не, ‘жоқ’ деп жауап бермесе, жауапкершілік толығымен отбасыға жүктеледі. Сол себепті біз азаматтардың жеке шешім қабылдауын дұрыс деп санап, жауапкершілікті өздеріне артуға кеңес береміз», - дейді мамандар.
Мәйіт донорлығы Орталық Азия елдеріне кіретін 5 мемлекеттің ішінде тек Қазақстанда бар. Донорлыққа 18 жастан бастап 62 жасқа дейінгі адамдар алынады. Бүгінгі күні тек 110 мыңға жуық қазақстандық ресми түрде донор болуға келісімін берген немесе бас тартқан.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда өлгеннен кейінгі донорлықтың үлесі небәрі 15%-ды құрайды. Ал қалған 85% жағдайларда ағзалар тірі туыстарынан алынады.
Сонымен қатар, елімізде қара нарық мәселесі ушығып тұр. Заңмен тыйым салынса да, ағзаларды сату фактілері әлі тіркелуде. 2024 жылы Бас прокуратура аталмыш жағдай бойынша 22 қылмыстық іс қозғаған, оның ішінде ұйымдасқан топтардың қатысуымен болған оқиғалар да бар. Дәрігерлердің сөзінше, адам ағзасын қара нарықтан сатып алу мүлдем негізсіз. Себебі ағза лабораториялық талаптарға сай болуы керек. Тірі донорға науқастың туыстығын, ағзаның сәйкестігін дәрігерлер шешеді.
ҚР денсаулық сақтау кодексінің 209-бабы 4-тармағы 3-тармақшасына сәйкес трансплантация мақсатында адам ағзаларын және тіндерін сатып алу/сатуға тыйым салынады. «Ағзаларды қымбатқа сатады» деу де негізсіз. Қылмыстық кодекстің 116, 128, 135, 315-бабы бойынша трансплантацияны заңсыз жүзеге асыру заңмен қатаң қудаланады.
«Мидың өлімі тіркелген пациент донор бола алады дегенде, кейбір туыстары дәрігерлер емдеуді тоқтатады деп ойлайды. Бұл жалған. Дәрігерлер соңына дейін күреседі», – деп атап өтеді мамандар.
2024 жылы елімізде барлығы 393 трансплантация жасалған. Мамандардың айтуынша, қазақстандықтар өлгеннен кейінгі донорлықтың мүмкіндіктері мен маңызын әлі де жеткілікті деңгейде білмейді. Келісім презумпциясын адам тірі кезінде берсе, туыстарының рұқсат беруіне қатысты талапты алып тастаған дұрыс. Себебі адам өзі келісім берді, туыстары діни көзқарасқа, сауаттылықтың болмауына байланысты көп жағдайда бас тартып жатады. Бірақ күні ертең сіздің немесе сіздің жақыныңыздың донорға мұқтаж болуы әбден мүмкін. «Маған қатысы жоқ дүниеге басым ауырмайды» деген немқұрайлықтан қаншама науқас балалар кезегі жетпей көз жұмып жатыр. Мәйітханада адам ағзаларын органға алады деген ақпарат та мүлдем шындыққа жанаспайды. Сондықтан аталған бағытта халықты тұрақты түрде ақпараттандыру, жалған түсініктерді жою және ерікті донорлық мәдениетін қалыптастыру қажет.