Астанада өрт кезінде адамдарды құтқарып, ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің жары Әнел Забикулина әлеуметтік желіде марқұм күйеуіне арнап жазба жариялады
Ол арада төрт жыл өтсе де, жарына деген сағынышы басылмағанын айтып, ішкі мұңын бөлісті.
Әнел Забикулина күйеуінің қазасынан кейінгі өмірі, әкесіз өсіп келе жатқан қыздары мен отбасындағы орны толмас қайғы туралы жазған.
«Сенсіз төртінші күз… Төртінші қараша… Уақыт өтіп жатыр, күндер ауысып жатыр, өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Бірақ менің жүрегімде уақыт тоқтап қалған бір күн бар… Сен кеткен күннен бері қанша таң атты, қанша кеш батты…
Бірақ бір нәрсе өзгермеді – саған деген сағынышым. Кейде бәрі түс секілді көрінеді. Қазір есіктен кіріп келетіндей, даусыңды еститіндей, бәрі бұрынғы қалпына келетіндей. Бірақ артынша шындықпен қайта бетпе-бет келемін. Қыздарымыз өсіп келеді. Сен көрмеген сәттер, сен куә болмаған қуаныштар, айтылмай қалған әңгімелер көбейіп барады.
Әрбір жетістігімде сені іздеймін. Әрбір қуанышымда жанымда болғаныңды қалаймын. Сағыныштың уақыты болмайды екен. Жылдар өтсе де, жүрек үйренбейді екен. Сен менің өткенім ғана емессің. Сен – жүрегімнің мәңгілік бір бөлшегісің», – деп жазды ол.
Жазба астында оқырмандар марқұм өрт сөндірушіні еске алып, отбасына қолдау білдірген. Пікір қалдырғандардың бірі Асқар Забикулин құтқарған адамдардың оның отбасымен байланысып, көмек көрсетіп тұратынын сұраған.
Бұл сауалға жауап берген Әнел Забикулина күйеуі өмірін сақтап қалған адамдардың ешқайсысы осы уақытқа дейін отбасына келмегенін айтып, өкінішін жеткізді.
«Осы 4 жылда менің күйеуім құтқарған ешбір адам үйіміздің табалдырығын аттап баспады. Мен олардың түрін көрген емеспін. Ал менің жарым солар үшін жанын берді», – деп жазды ол.
Еске салайық, өрт сөндіруші Асқар Забикулин 2022 жылы қарашада Астанадағы көпқабатты үйден шыққан өрт кезінде адамдарды құтқару барысында ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол 20 қарашада ауруханада көз жұмды.