💰 Экономика

Неге отандастарымыз табысының жартысын тамаққа жұмсайды?

Неге отандастарымыз табысының жартысын тамаққа жұмсайды?

Елімізде халық табысының едәуір бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Бұл мәселе қоғамда жиі талқыланып, «неге қазақстандықтардың шығынының басым бөлігі тамаққа кетеді?» деген сұрақ көп қойылады. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бұл жағдайды елдегі тұтыну мәдениеті мен статистикалық есептеу ерекшеліктерімен түсіндірді, деп жазады Ozgeris.info.

 

Оның айтуынша, Қазақстандағы азық-түлік шығынын дамыған елдермен тікелей салыстыру дұрыс емес. Өйткені адамдардың өмір салты мен тамақтану дағдысы мүлдем бөлек. Вице-министрдің мәліметінше, Қазақстандағы тұтыну себеті 508 түрлі тауар мен қызметтен тұрады. Соның шамамен 40 пайызы – азық-түлік өнімдері. Қалған бөлігі азық-түлік емес тауарлар мен қызмет көрсету саласына тиесілі.  Дамыған елдерде азық-түлік шығыны статистикада төмен көрінуінің басты себебі – халықтың сырттан тамақтану мәдениетінде екенін айтты.

 

«Бұл жағдай көбіне біздің өмір салтымызға байланысты. Біз негізінен үйде тамақ дайындап жегенді жақсы көреміз, сондықтан дүкеннен өнімдерді өзіміз сатып аламыз. Ал шетелде адамдар көбіне мейрамханалар мен дәмханаларда тамақтанады, таңғы асты да сырттан ішеді. Оларда бұл қызмет көрсету болып есептеледі, сондықтан жалпы шығындар құрылымында қызмет көрсетудің үлесі жоғары. Міне, сондықтан біздегі 50 пайыз бен шетелдегі 15 пайызды салыстырғанда осы айырмашылықты ескеру қажет», деді вице-министр.

 

Қазақстанда да дәмхана мен мейрамханада тамақтану «қызмет көрсету» санатына кіреді. Алайда шетелмен салыстырғанда қазақстандықтардың басым бөлігі азық-түлікті үйге сатып алып, өздері дайындауды жөн көреді. Сондықтан азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі жоғары болып көрінеді. Сонымен қатар вице-министр елдегі инфляция ахуалына да тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылдың қыркүйегінде инфляция ең жоғары деңгейге жеткенімен, қазір баға өсімі біртіндеп баяулап келеді.

«Баға белгілеу мәселесіне келсек, өздеріңіз көріп отырғандай, өткен жылдың қыркүйегінде инфляция ең жоғары шегіне жеткен еді. Қазір ай сайын төмендеп келеді. Сәуірдің қорытындысы бойынша 10,6 пайыз болды, мамыр айында да инфляция тағы төмендейді деп күтіп отырмыз. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер, соның ішінде қияр, қызанақ, қырыққабат бағасы қазірдің өзінде 15 пайызға арзандады», деді ол.

Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың сәуір айында Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі 10,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш наурыз айындағы 11 пайызбен салыстырғанда төмен. Дегенмен айлық инфляция 0,8 пайыз болып, баға өсімі әлі де сақталып отырғанын көрсетті. Негізгі тұтыну санаттарына қарасақ, азық-түлік бағасы бір жыл ішінде 11,3 пайызға өскен. Азық-түлік емес тауарлардағы инфляция 11,7 пайызға дейін көтерілсе, ақылы қызмет көрсету саласындағы баға өсімі 8,9 пайыз деңгейінде қалыптасты.

 

Бағаның өсуіне ішкі нарықтағы факторлармен қатар сыртқы жағдайлар да әсер етіп отыр. Әсіресе Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс мұнай мен жанармай бағасының қымбаттауына әкелген. Ал логистикалық шығындардың артуы шикізат пен тауар бағасының көтерілуіне ықпал етті. Соның салдарынан кәсіпорындар өнім құнын қымбаттатуға мәжбүр болған. Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жаңа шараларды да қарастырып жатыр. Соның бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен оны өндіруге қажетті шикізатты теміржол арқылы тасымалдау тарифін төмендету. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл мәселе бойынша арнайы бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын және оларды өндіруге қажетті шикізатты теміржол арқылы тасымалдауға төмендетілген тариф енгізу мәселесі қарастырылып жатыр», делінген министрдің депутаттық сауалға берген жауабында.

Министрдің сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне астықты арзан тарифпен жеткізу үшін әкімдіктермен бірлесіп арнайы кәсіпорындар тізімі бекітілген. Бұл тізім «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жолданған. Сонымен қатар Үкімет шалғай ауылдардағы азық-түлік бағасын төмендету жолдарын да қарастырып отыр. Қазіргі заңнама бойынша дүкендердің әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосатын үстемеақысы өндіруші немесе көтерме сатушы бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс. Енді бұл талапқа тасымалдау, импорттау және жеткізу шығындарын ескеруге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілмек.

 

Серік Жұманғарин көлік шығындарын субсидиялау мәселесі әлі де қосымша талқылауды қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, бұл үшін қаржыландыру көздерін, қамтылатын елді мекендерді, тауар түрлерін және қаражаттың жұмсалуын бақылау жүйесін нақтылау қажет.

 

Негізі азық-түлік бағасының жоғары болуы тек инфляциямен емес, халықтың табыс деңгейімен де тікелей байланысты. Өйткені табыс аз болған сайын адамның шығынының басым бөлігі күнделікті тұтынуға кетеді. Сондықтан экономистер мәселені тек бағаны ұстап тұру арқылы емес, халық табысын арттыру арқылы да шешу қажет екенін айтады.

 

Барлық жаңалық