Әлем жаңа экономикалық кезеңге өтті. Қазір мемлекеттер мұнай мен шикізат үшін ғана емес, жасанды интеллект, микрочип, цифрлық өндіріс, энергетика және технологиялық тәуелсіздік үшін күресіп жатыр. Кейінгі жылдары АҚШ, Қытай және Еуропа технологиялық саясатты ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі стратегиялық мәселеге айналдырды. Себебі XXI ғасырдағы басты байлық енді табиғи ресурс емес, технологиялық үстемдікке айналып келеді, деп жазады Ozgeris.info.
Бүгінде әлемдік экономикада ең көп пайда шикізат өндірушіге емес, технологияны бақылаушы елдерге тиіп отыр. Мысалы, литийді кім өндіргенінен гөрі, аккумулятор технологиясын кім жасағаны маңыздырақ бола бастады. Мұнайды кім өндіргенінен бұрын, жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды кім басқаратыны шешуші рөлге шықты. Осындай кезеңде Қазақстан қандай бағыт таңдауы керек? EconomyKZ.org порталының сарапшысы Ален Серіктің пікірінше, ел дәл қазір тарихи бетбұрыс кезеңінде тұр. Өйткені бүгінгі экономикалық модель алдағы ондаған жылдағы Қазақстанның орнын анықтайды. Сарапшы Қазақстан ресми түрде технологиялық стратегия жарияламағанымен, нақты таңдау әлдеқашан жасалып қойғанын айтады.
«Қазақстан технологиялық стратегиясын жариялаған жоқ. Жаһандық бәсекеде нақты бір тарапты да таңдаған жоқ. Бірақ іс жүзінде таңдау әлдеқашан жасалып қойған. Ол экономиканың құрылымынан көрінеді. Қай салалар өсіп жатыр, қайсысы мүлде пайда болмай жатыр6 бәрі соны көрсетеді. Ірі экономикалар технология мен өнеркәсіпке белсенді инвестиция құйып жатқанда, Қазақстан сырттай бақылаушы күйінде қалып отыр. Ал бұл бейтарап позиция емес», дейді Ален Серік.

Шын мәнінде, соңғы жылдары әлемдік экономикадағы басты өзгеріс – мемлекеттің экономикаға қайта оралуы болды. Бұрын «нарық бәрін өзі реттейді» деген түсінік басым еді. Ал қазір ең либералды елдердің өзі технологиялық секторға тікелей араласа бастады.
АҚШ 2022 жылы қабылданған CHIPS and Science Act бағдарламасы арқылы жартылай өткізгіш өндірісіне ондаған миллиард доллар инвестиция салды. Қытай жасанды интеллект, электр көлігі және микрочип өндірісін ұлттық басымдыққа айналдырды. Еуропа «цифрлық егемендік» саясатын күшейтіп, стратегиялық технологияларды сыртқы тәуелділіктен қорғауға кірісті. Бұл құбылысты әлемдік сарапшылар «технологиялық ұлтшылдық» деп атайды. Яғни, мемлекеттер технологияны жай бизнес емес, ұлттық қауіпсіздік пен геосаяси ықпалдың құралы ретінде қарай бастады.
MIT университетінің экономистері Дарон Аджемоғлы мен Саймон Джонсон технологиялық тәуелсіздігі жоқ мемлекеттер ұзақмерзімді перспективада «тәуелді экономикаға» айналатынын айтады. Мұндай елдер өз технологиясын өндірмейді, тек сырттан сатып алады және шикізат жеткізуші рөлінде қалып қояды. Қазақстандағы қазіргі жағдай дәл осы қауіпке жақындай бастағанын байқауға болады. Ел экономикасы әлі де негізінен шикізат секторына тәуелді. Мұнай, металл, уран мен астық негізгі экспорттық табыс көзі болып отыр. Бірақ әлемдегі ең үлкен капитал қазір мүлде басқа салаларға кетіп жатыр.
McKinsey Global Institute зерттеуіне сәйкес, алдағы онжылдықтағы негізгі экономикалық өсімді жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, биотехнология, жасыл энергетика және күрделі өндірістер береді. Қазақстан әзірге бұл секторларда айқын технологиялық ойыншыға айнала алған жоқ.
«Қазақстан бұл жүйеге әлдеқашан кіріп кеткен. Бірақ орталық ретінде емес, басқа елдердің тізбегінің бір бөлігі ретінде. Мұны экономиканың өсу құрылымынан көруге болады. Ел сұраныс бар жерде, яғни шикізатта өсіп жатыр. Бірақ жаңа технологиялық салаларды қалыптастырмайды. Масштабталатын шешімдер жасамайды. Жоғары технологиялық нарықтарда орнықпай отыр. Мәселе өсімнің қарқынында емес. Мәселе – сол өсім қай жерде пайда болып жатыр», дейді Ален Серік.
Сарапшының пікірінше, қазіргі әлемде басты мәселе көп өнім өндіру емес, болашақты анықтайтын технологиялық өнім шығару. Бұл ұғымды әлемдік сарапшылар «қосылған құн тізбегі» деп атайды. Яғни, ең үлкен табыс шикізаттан емес, сол шикізатты технологиялық өнімге айналдыратын мемлекетке тиеді. Мысалы, сирек металл Қазақстанда өндірілгенімен, негізгі пайда оны аккумулятор, микрочип немесе цифрлық құрылғыға айналдыратын елдерге кетеді.
BloombergNEF деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай әлемдегі инвестицияның негізгі бөлігі жаңартылатын энергетика мен электр технологияларына бағытталады. Бұл – жаңа индустриялық революция. Қазақстан үшін бұл бір мезетте әрі мүмкіндік, әрі қауіп. Өйткені елде ресурс бар. Бірақ ресурс автоматты түрде технологиялық экономика қалыптастырмайды.
«Жаңа энергетикаға көшу әлемдік экономиканы өзгертуде. Жаңа нарықтар пайда болады, ескі салалар әлсірейді. Бұл процесс өздігінен жүрмейді. Ол үлкен инвестиция мен саяси шешімдерді талап етеді. Қазақстанда бұл өзгерістерге қажет ресурстар бар. Бірақ ресурс өздігінен өнеркәсіп құрмайды. Ол тек мүмкіндік береді. Егер оның айналасында толық өндірістік тізбек құрылмаса, қосылған құн басқа елдерге кетеді. Міне, негізгі қауіп осы. Ел басқа елдердің технологиясына шикізат жеткізуші болып қалуы мүмкін», дейді сарапшы.
Нобель сыйлығының лауреаты Мариана Маццукато өз еңбектерінде технологиялық серпілістердің басым бөлігі бастапқы кезеңде мемлекеттік инвестиция арқылы дамитынын жазады. Оның пікірінше, интернет, GPS, жасанды интеллект секілді технологиялардың өзі алғашында мемлекеттік жобалар ретінде қаржыландырылған. Қазір әлемде «өнеркәсіптік саясаттың қайта оралуы» жүріп жатыр.
АҚШ-та DARPA агенттігі тәуекелі жоғары технологиялық жобаларды қаржыландырады. Қытай мемлекеттік субсидия арқылы өндірісті тез өсіреді. Оңтүстік Корея ондаған жыл бойы Samsung пен Hyundai секілді алыптарды жүйелі түрде қолдап келді. Тайвань жартылай өткізгіш өндірісін ұлттық стратегияға айналдырды.
Қазақстанда әзірге мұндай ұзақмерзімді технологиялық бағыт толық қалыптасқан жоқ. Сарапшы тағы бір маңызды мәселеге назар аударады: инновация көбіне ірі мемлекеттік компаниялардан емес, жаңа технологиялық бизнестен шығады.
«Мемлекеттік қолдау алған ірі компаниялар көбіне инновацияға қызықпайды. Олар өз позициясын табыс табу үшін пайдаланады. Бірақ технология дамытуға емес. Ірі экономикалардың тәжірибесі басқа нәрсені көрсетеді. Өсімді жаңа компаниялар береді. Жаңа шешімдермен келетіндер. Технология арқылы тез өсетіндер. Бұл модельде мемлекет катализатор рөлін атқарады. Ол нақты компанияларды таңдауға тырыспайды. Ол жағдай жасайды. Ерте кезеңдерді қаржыландырады. Тәуекелді азайтады. Ғылым мен бизнесті байланыстырады», дейді Ален Серік.
Қазір әлем «жеткізу тізбектерінің бөлшектенуі» кезеңіне өтті. Елдер сыртқы тәуелділікті азайтып, технологиялық бақылауды күшейтіп жатыр. Бұл тек экономика емес, геосаяси бәсеке. Осындай жағдайда технологиялық стратегияның болмауы Қазақстан үшін жай экономикалық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік тәуекеліне айналуы мүмкін. Өйткені болашақта әлемдік экономикада тек шикізатқа сүйенген модель ұзақмерзімді артықшылық бере алмайды. Технологияны өндірмейтін елдер біртіндеп сыртқы шешімдерге тәуелді бола бастайды.
«Қазақстан қазір бағытын өзгерте алатын кезеңде тұр. Бірақ бұл мүмкіндік шексіз емес. Уақыт өткен сайын өзгерту қиындайды. Таңдау жасалып қойған. Ол экономиканың құрылымында көрініп тұр. Енді сұрақ – сол таңдау өзгертіле ме, жоқ па», деп түйіндейді Ален Серік.