Танымал блогер әрі кәсіпкер Сауле Базархан пластикалық операция кезінде жүрек талмасынан көз жұмды деген ақпарат тарады. Бұл туралы HALYQSTAN хабарлады.
Редакцияның мәліметінше, оқиға Smart Beauty Clinic клиникасында болған. Алдын ала ақпаратта блогердің абдоминопластика операциясы кезінде қайтыс болғаны айтылған.
Сондай-ақ желі қолданушылары 2GIS платформасындағы пікірлерде: «Сауле Базархан осы жерде абдоминопластика кезінде қайтыс болды» деп жазған.
Ал продюсер Гүлзира Айдарбекова кәсіпкер әрі блогер Сауле Базарханның қайтыс болғанын растаған. Алайда өлімнің нақты себебін жарияламады.
Басылым мәліметінше, аталған дерекке байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта клиника мөрленген.
HALYQSTAN тілшісі WhatsApp арқылы клиникаға клиент ретінде хабарласқанда, дәрігердің көмекшісі Гүлмира қызметтерді ұсынған. Ал Сауле Базарханның өліміне қатысты сұраққа: «Қазіргі уақытта клиникада пікір білдіруге арналған ресми ақпарат жоқ» деп жауап берген.
Осылайша, клиника тараған ақпаратты нақты да теріске де шығармаған.