Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа қатысты қоғамда талқыланып жүрген мәселеге пікір білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Спорт қауымдастығында соңғы уақытта Михаил Шайдоровқа қарсы мақсатты ақпараттық науқан жүргізілді ме деген сауал жиі көтеріліп жүргені белгілі. Осы мәселеге қатысты қойылған сұраққа министр нақты жауап беріп, мәселені объективті бағалау қажеттігін атап өтті.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, сын болғаны дұрыс, алайда ол нақты деректер мен фактілерге негізделуі тиіс. Министр соңғы айларда спортшының жетістіктерінен гөрі түрлі болжамдар мен пікірлердің көбірек талқыланғанына назар аударды.
Сондай-ақ ведомство басшысы ақпараттық текетірестер ең алдымен спортшылардың өздеріне кері әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, қоғам назары Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың еңбегі мен жетістіктеріне көбірек аударылуы қажет.
Министр Михаил Шайдоровтың табыстары оның күнделікті еңбегі мен жоғары нәтижелерінің жемісі екенін атап өтті.