Әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі – Meta жасанды интеллектке басымдық беру аясында 8 мың қызметкерін жұмыстан шығарды. Бұл – компаниядағы жаһандық штаттың шамамен 10 пайызы. Сонымен қатар тағы 7 мың қызметкер қызметінен айырылмайды, бірақ жасанды интеллектпен байланысты жаңа бөлімдерге ауыстырылады, деп жазады Ozgeris.info.
Алғашқы қысқарту туралы хабарламалар Сингапурдағы кеңсе қызметкерлеріне жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат төртте жіберілген. Кейін бұл толқын АҚШ пен Еуропадағы бөлімшелерге жеткен. Қысқарту негізінен инженерлік командалар мен өнім әзірлеу бөлімдеріне әсер еткен. Тіпті компанияға соңғы бір ай ішінде жұмысқа қабылданған мамандардың өзі қысқарту тізіміне ілінген.
Компания жұмыстан шығарылған қызметкерлерге өтемақы төлейтінін мәлімдеді. Оларға 16 апталық базалық жалақы және компанияда жұмыс істеген әр жыл үшін қосымша екі апталық төлем қарастырылған. Марк Цукерберг қызметкерлерге жолдаған хатында қысқартуға түскен мамандарға алғыс айтып, 2026 жылдың соңына дейін жаңа жаппай қысқарту болмайтынын мәлімдеген. Алайда Bloomberg дереккөздері компания ішінде бұған толық сенім жоқ екенін жазды.
Meta-ның кадр саясатына жауапты басшысы Джанель Гейл ішкі меморандумда бұл өзгерістердің мәнін түсіндірген. Оның айтуынша, басқару құрылымын жеңілдетіп, шағын командаларға көшу компанияның жылдам әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
«Біз бұл өзгерістер компанияны өнімдірек етеді және жұмыстың маңызын арттырады деп сенеміз», деп жазған ол.
Кейінгі жылдары Meta жасанды интеллект технологиясына 100 миллиард доллардан астам қаржы салған. Компания енді АҚШ-тың Луизиана штатында құны 200 миллиард долларға дейін жететін әлемдегі ең ірі жасанды интеллект кешенін салуды жоспарлап отыр.
Бұл Meta-ның стратегиялық бағыты түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Бұған дейін компания метаверс жобасына шамамен 80 миллиард доллар инвестиция құйған еді. Алайда Horizon Worlds жобасының VR-нұсқасы күткен нәтижені бермеген соң, компания мобильді платформалар мен жасанды интеллект бағыттарына көбірек көңіл бөле бастады.
Қазіргі технологиялық алпауыттар арасында жаңа бәсеке басталды. Бұрын басты назар әлеуметтік желі мен метаверске аударылса, енді компаниялар жасанды интеллект үшін күреске көшкен. Соның салдарынан бизнес құрылымы да өзгеріп жатыр. Қарапайым қызметтерді автоматтандыру күшейіп, адам еңбегінің бір бөлігін алгоритмдер алмастыра бастады. Meta ішінде тағы бір даулы мәселе туындады. Мамыр айының басында компания қызметкерлердің жеке құрылғыларынан дерек жинау бағдарламасын іске қосқаны белгілі болды. Атап айтқанда, пернетақтадағы батырмаларды басу, тінтуір қозғалысы және экрандағы ақпарат жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін пайдаланылуы мүмкін екені айтылған.
Бұл бастама компания ішінде үлкен қарсылық туғызды. Кеңселерде бағдарламаға қарсы петиция жазылған парақшалар пайда болып, жарияланған сәтте оған мыңнан астам қызметкер қол қойған. Бұл жағдай жасанды интеллект дәуіріндегі ең үлкен дилеммалардың бірін көрсетті: технологиялық тиімділік пен жеке өмір құпиясының арасындағы тепе-теңдік.
Meta-дағы өзгерістер – жалғыз мысал емес. 2026 жылы АҚШ компаниялары жасанды интеллектіні енгізу салдарынан шамамен 49 мың қызметкерін қысқартқан. Мәселен, Block төлем платформасы 4 мың адамды жұмыстан шығарса, Coinbase шамамен 700 қызметкерін, ал Crypto.com 180 маманын қысқартқан.
Ірі бизнес қазір бір бағытпен қозғалып келеді: қайталанатын және автоматтандыруға болатын жұмыстарды алгоритмдерге беріп, ресурсты жасанды интеллект әзірлеуге бағыттау. Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс алдағы жылдары еңбек нарығын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Дегенмен инвесторлар жасанды интеллектке құйылып жатқан орасан қаржының қаншалықты тиімді болатынына әлі де сақтықпен қарап отыр. Өйткені технологиялық компаниялар миллиардтаған доллар инвестиция салып жатқанымен, оның нақты экономикалық қайтарымы әзірге толық дәлелденген жоқ.